ҰЛУ ТЕРАПИЯСЫ ПАЙДАЛЫ

Уақыты: 20.02.2023
Оқылды: 1590
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Бизнес-бастау» жобасының түлегі, мемлекеттік гранттың иегері Гүлжанат Нагметова Үштөбе қаласының тұрғыны. Ол косметология саласында қызмет көрсетеді.
Гүлжанат Қанатбайқызы қыз-келіншектердің бет-әлпетін ешбір химиясыз табиғи жолмен ұлу терапиясы арқылы сұлуландырады. Таяуда «Атамекен» ҰКП Қаратал аудандық филиалының директоры Фархат Құсайынов ерекше кәсіп иесінің жұмысын көріп қайтты.
– Көптеген адам беттегі безеуден қысылады. Қыз-келіншектер мұндайды жасыру үшін қабаттап крем жағады. Бұл сырт көзге әдемі көрінуі мүмкін. Бірақ уақыт өте келе бет терісінің бұзылуына әкеледі. Ал ұлу терапиясы беттегі безеуден арылуға, және орны қалған жерді кетіруге көмектеседі. Бетті бояғаннан гөрі табиғи сұлулықты сақтауға көңіл бөлемін. Интернеттен африкалық ахатин ұлуымен жасалатын ұлу терапиясына қызықтым. Сол туралы білу үшін көп оқып, іздендім – дейді Гүлжанат Қанатбайқызы.
Фархат Құсайыновтың айтуынша, әлемдік косметологияда ұлу терапиясы арқылы емдеу талай жылдан бері қолданыста. Ал біздің елде бұл қызмет түрімен 2016 жылдан бері айналыса бастаған. Соңғы жылдары шет ел ғалымдары ұлудың қартаюды тежейтін қасиеті барын анықтапты. Ұлу терапиясы адам терісінің жас қалпында сақталуына ықпал ететінін ескерсек, сәнге айнала бастаған бұл әдіс косметология саласына әлі талай жаңалық енгізеді деген ойдамыз.

Айгүл БАЙБОСЫНОВА
Қаратал ауданы