ОНКОЛОГИЯ: ҮМІТ ПЕН КҮДІК

Уақыты: 25.02.2023
Оқылды: 1985
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Ауру келді дегенше, әлек келді десеңші»,– деген тәмсіл бар. Сондықтан саламатты өмір салтын сақтап, табиғи таза өніммен тамақтанып, зиянды әдеттерден аулақ жүріп, күйзеліске берілмеуге тырысатын болсақ, ағзамызды кеселден сақтайтынымыз анық. «Диагноз» айдарында кең таралған, қауіпті сырқат жайлы, оның алдын алу, емделу жолы, кеселдің неден пайда болатыны барысында әңгіме өрбітпекпіз. Онда облысқа танымал, білікті мамандармен сұхбат жасап, өзекті мәселелердің түйінін шешеміз. Басты байлық – денсаулық. Ендеше, «Диагноз» сіздің көкейдегі сауалдарыңызға жауап береді. Көпшілікті алаңдататын дерттің бірі – қатерлі ісік. Бүгінде «Аты жаман ауру» адам ағзасының әр жерінен белгі беруде. Қатерлі ісікті емдеу жайлы облыстық көпсалалы клиника директорының медициналық қызмет сапасын бақылау жөніндегі орынбасары Гүләйім Оразбековаға жолығып, әңгімелескен едік.

– Гүләйім Естайқызы, облыс бойынша қатерлі ісікке шалдығу жайлы дерекке тоқталсаңыз. Кеселді емдеу қалай жүріп жатыр?

– Облыстық көпсалалы клиникада қатерлі ісік дертіне шалдыққандарды емдеуге арналған 150 төсек бар. Оның 50-і хирургия, 20-сы терапия, 40 орын химия терапия, 30 төсек радиология бөліміне арналған. Өткен жылы барлығы 4033 адам ем алған. Ауруханаға жатушылар 2021 жылға қарағанда 17,2%-ға өскен. Облыс бойынша 116 сырқатты анықтау кабинеті бар. Оның 102-сі әйелдерге арналған. Қалған 14 кабинет ер адамдарды тексеру үшін жабдықталған. Облыс бойынша онколог-дәрігерге 16 штат бірлігі берілген. Бүгінде алдын алу, емдеу барысында жанжақты жұмыс жүргізілуде. Кейде адамдар өздері салғырттық танытып, уақытында тексерілуге бармайды. Денсаулықтың басты байлық екенін ұмытып кетеміз.

– Аты жаман сырқат көпті алаңдатуда. Бұл кесел асқынғанға дейін өздігінен белгі бермейтіні анық. Жалпы, сырқатқа шалдығудың басты себептері не?

– Онкологияға шалдығудың нақты себебін атап айту қиын. Адам ағзасында күнделікті жаңа жасуша пайда болғанда өз қызметін атқарып біткен жасуша физиологиялық тұрғыда жойылады. Осы үрдіс барысында ДНҚ, РНҚ құрылымдарында мутацияға ұшыраған жаңа код пайда болады. Сол код жаңа түзіліп жатқан жасуша қызметінің бұзылуына әкеледі. Ағзаны мутацияға ұшырататын бірнеше фактор бар. Ол – ең алдымен өмір сүру салты. Күнделікті қолданатын заттарымыз, азық-түлік, дұрыс тамақтанбау, зиянды заттарды тұтыну, тағы сол сияқтылар әсер етеді. Сондай-ақ, ол генетикалық, яғни тұқым қуалайтын факторлар. Кесел кейде тұқым қуалаушылық арқылы әкеден немесе анадан берілуі мүкін. Бұл бір қандас туыстар арасында да кездесетін дерт. Созылмалы сырқатқа шалдығып, әлсіреген организм өзгеріске тез түседі. Иммундық жүйе ағзаны кеселден қорғай алмағанда онкологияға шалдығу қаупі жоғарылайды.

– Гүләйым Естайқызы, осы кеселдің алдын алуға бола ма?

– Әрине, алдымен саламатты өмір салтын барынша ұстану керек. Дене шынықтыру, таза ауада серуендеу, көп қимылдаған да жақсы. Жылына бір рет толық тексеруден өтіп, яғни сырқаттың алдын алып, кеселді бастапқы санатта анықтауға барынша мән беру керек. Сол үшін дәрігерлік тексерілуге немқұрайды қарамаған жөн. Адам скрининг өтуден нысаналы топқа жатса, тұрғылықты жері бойынша жатыр мойны обыры, сүт безі қатерлі ісігі, тік және тоқ ішек обырларының алдын алу және ерте анықтау үшін тексеруден өткізуге міндеттіміз. Сонымен қатар, туғандарыңызда қатерлі ісік анықталса, тереңдетілген тексеруден өтуге қорықпай барғаныңыз дұрыс. Табиғи аспен тамақтануды дағдыға айналдырған жөн. Балаларды, тіпті өзіңізді түрлі гаджеттерден, интернет желісінен алшақтатып, уақытты тиімді өткізуді қалыптастырған жөн.

– Қатерлі ісіктің бірден байқалмайтыны белгілі. Үй жағдайында сырқатты қалай анықтауға болады?

– Жалпы онкологияда көзге көрінетін, яғни визуалды патология деген түсінік бар. Адам аптасына бір рет айна алдында тұрып, барлық тері жабындыларына мән беру керек. Балалық шақтан келе жатқан қал, меңдердің түсі, өлшемі, қышып-ашуына көңіл бөлген жөн. Басқа өсінділер, түрлі папилломалар бұрыннан бар деп жүре бермей, маманға көрсетіп алған дұрыс. Ол бір күн уақытыңызды алғанмен, болашағыңыз үшін пайдалы.

– Жылдам және сапалы емдеу барысында қандай шаралар жүргізілуде? Құрал- жабдықтар жеткілікті ме?

– Жыл сайын облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан жаңа құрал-жабдықтармен қамту жүргізіледі. Мысалы, ультрадыбыстық зерттеу аппараты, 3 рентген аппараты, маммограф, көпфункционалдық төсектер алынды. Сонымен қатар, мекеме қаражатын үнемдеу арқылы заманауи жинақталған гинекологиялық орындық, радиожиілік абляцияға арналған аппарат, криостат, дерматоскоп және басқа да көптеген медициналық бұйым алынды. Бұл сапалы қызмет көрсетудің негізгі көрсеткіші болып табылады. Өткен жылы клиникамызда рентгенхирургиялық диагностика және емдеу бөлімі ашылды. Оған көпсалалы онкологиялық институтта жұмыс атқарып, шетелде тәжірибе жинаған маман шақырылды. Бүгінде ол бөлімнің меңгерушілік қызметін атқаруда.

– Аурудың емі – саудың сәлемі. Осы орайда дертке шалдыққан адамдардың жан дүниесіне үңіле сөйлесу, психологиялық көмек көрсету мәселесі қаралған ба?

– Клиникамызда психолог және әлеуметтік қызметкер жұмыс атқаруда. Есепке алынған әрбір адам осы маманның көмегіне жүгіне алады. Басқа ем қабылдап жатқан науқастар да олардан жеке кеңес ала алуға құқылы. Сонымен қатар, 4 клиникалық топтағы науқастар үшін паллиативтімобильді көмек көрсету тобы құрылған. Топ құрамында науқасқа және оның туыстарына психологиялық көмек көрсететін мамандар бар. Біздің жұмысымыз психо- эмоционалды тұрғыдан қиындығы көп салаға жатады. Осыны ескере отырып, әдеп және деонтология мәселесіне ерекше көңіл бөлінеді. Науқасқа диагнозы жайлы айту, көңілінен қорқыныш пен уайымды сейілту мамандарымыздың міндеті. Бұл орайда, мамандар үшін семинар-тренингтер жүргіземіз. Уайым мен қорқынышты жеңілдету, мінез-құлыққа түсіністікпен қару жайлы әдеп сабақтары өткізіледі.

– Гүләйім Естайқызы, бұл жайында айтпай кетсек болмайтын шығар. Сіздердің ғимаратты жаңарту жайлы жоспар бар ма? Тар палата сырқаттанып жатқан адамның еңсесін басатыны белгілі.

– Жалпы онкологиялық диспансер 1956 жылы ашылған. Содан бері қаншама адам тексеріліп, ем алуға келді. Дәм-тұзы таусылмаған талайдың үміті жалғанды. Сансыз ота жасалды. Мұнда дәрігерлер күн мен түнді алмастыра еңбек етті. Иә, аурухана жаңартуды қажет етеді. Шағын палатаның ауасы да тар болатыны белгілі. Бұл орайда көптен бері айтылып та жүр. Мәселе шешемін тапқандай. Бұйыртса 2025 жылы жаңа ғимарат тұрғызылуы тиіс. Әкімдік және денсаулық сақтау басқармасы қолдау білдірді. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаты дайын. Енді құрылыс алаңы мен нысан жобасы дайындалып жатыр.

– Әңгімеңізге рахмет. Еңбектеріңіз жансын!

Сұхбаттасқан Гүлжан Тұрсын
Сурет ғаламтордан алынды