«Жаркент Арасан» шипажайының ерекшелігі

Уақыты: 28.06.2023
Оқылды: 1808
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Көктем келіп, жаз айлары басталысымен әркім көкейіне қонған демалыс орындарына, жолсапарға жинала бастайды. Барсын-ау, бірақ та мақтаулы шетелге барған бірқатарының жолы болмай алданып қалғанын немесе аяқасты қиындықтарға кездесіп, туған жерге оралуының өзі қиямет болып жатқанын естисің. Сондайда «Апырай!» деп ойға қалмасқа амалың жоқ. Швейцарияға бергісіз өзіміздің отандық демалыс орындары Бурабай – Көкше, Сарыағаш, Алакөл,  тіпті өзіміздің  жазиралы Жаркент Арасан бұл күндері демалуға таптырмайтын қолжетімді демалыс орындары емес пе? 

Марқұм жұбайым Алпысова Кенжебала екеуміз ұзақ жылдар бойы «Жаркент Арасанда» жыл сайынғы демалыс уақытымызды өткізіп жүрдік. Содан кейін де шығар, аталған демалыс орнына қазір бара қалсам да ерекше сезімге бөленетінім анық. Оны айтпасам да оқырман қауым түсінетін шығар деп ойлаймын. 
Асыра  сілтегенім емес, Арасанның орналасқан жері ерекше көрікті. Оны тек қана көзбен көру керек. 

Адам ағзасына шипажайдың тигізетін пайдасы ұшан-теңіз десем, орынды шығар. Әр барған сайын Қазақстан емес, алыс-жақын мемлекеттерден келіп ем алып, демалып жатқан адамдарды кездестіремін. Бәрінің радон суының  пайдасы мен батпағының денсаулыққа зор әсері мен емдік қасиетінің ерекшелігін таңғалыспен айтқандарының куәсі болдым. 

Сөзімнің дәлелі ретінде аталған арасанның екі аяқтан жүруден қалып, сүйенішпен ғана келген орта жастағы әйелдің сырқатына ем болғанын айта кетейін. Ол көктем мен күзде, жеті күннен үш жыл қатарынан келіп жүріп, төртінші жылы таяқтарын тастап жүріп кетіпті. Мұны жеткізген адам бұл жердің радоны мен батпағының зор қасиеті бар екенін өзгеше ризашылықпен айтып отырды. Сонау бір жылдары псориазбен ауырып осы шипажайға Алматыдан келген бір жігіттің осында жұмыс істей жүріп, құлантаза жазылып кеткенін де айтқан болатынмын. 

Шипажайға бір барғанымда күтпеген жағдайдан естен тана жаздағаным бар. Осы шипажайды ұзақ жылдар бойы басқарып келген Карл ағаның орталық дәлізге сылти басып кіріп келе жатқанын көргендегі таңғалысымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес шығар. Өйткені, алдыңғы жылдары барғанымда Карл аға Астанаға кетіп, сол жақта о дүниелік болды деп естігенмін. Енді, міне, тірі аруақты көргендей ерекше күйді басымнан өткеріп отырмын. 

Карл аға әр жетінің сейсенбісінде шипажайға келушілерге Арасанның өткен тарихы мен оның суының емдік қасиеттері жайлы жан-жақты мағлұмат бере отырып, қызықты әңгіме өрбітеді. Сондай мазмұнды бір баянды тыңдаған біздер де Карл ағаға деген шексіз алғысымызды білдіре отырып, ұзақ ғұмыр тіледік.
Һәкім Абай атамыз «Құлақтан кіріп бойды алар, әсем ән мен тәтті күй» деген ғой. Сол айтқандай Әулиеағаш мәдениет үйінің көркемөнерпаздар коллективі әр жеті сайын әсерлі концерт қойып, адамдарды бір сергітіп тастайды. Мұндай концертке демалушылар да қосылып кетіп, кеш қызығын арттыра түседі. Осының бәрінің ұйытқысы болып  жүрген Арасанның көркемдік жетекшісі Мұзапаров Айдын Дәулетұлы екендігін де айтпай кетуге болмас. Оның би кешінде жастық шақтарын еске алып үйіріле билеген кемел жастағы ата-апаларға шағын да болса естелік сыйлықтар  беруі қариялардың өнерлерін бағалай отырып ынталандыруы деп білемін. Айдынның берген кішігірім сыйлықтары ол кісілер үшін таудай  болып көрінеді. 

«Ас – адамның арқауы» десек, асхана қызметкерлері дайындаған, бес уақыт берілетін ас мәзірі көптің көңілінен шығуда. Рас, көпшілікке ұнау да, жағу да қиын ғой. Алдыңғы демалушылардың ас мәзіріне деген кейбір реніштерін бас аспаз Олжас Әкежановқа жеткізген болатынмын. Қазақта «Сын түзелмей  мін түзелмейді» деген бар ғой, содан кейінгі жерде демалушылардан әдейі ас жағдайын сұрағанымда, демалушылар ризашылықтарын білдіріп жатты. Ол айтылған сыннан қорытынды шығара білген Олжастың іскерлігі емес пе? 

Демалыс орнындағы өрімдей жап-жас ас тасушы қыз-келіншектердің қызметін де айпай кетуге болмас. «Тамақ берме, қабақ бер» дегендей, бүлдіршіндей жастардың ширақ қимылы отбасы, анасынан алған тәрбиесі шығар. 

Ұлды ұятымен, қызды қылығымен тумайсың. Тәрбие отбасы, ошақ қасы, асқар тау әкенің ақылы мен ананың аялы алақанынан басталатыны анық. Магомедова Дильфуза Камалқызы мен үш баланың анасы Айсарова Эльвираның тәрбиелі отбасынан шыққандарын  ширақ қимылы мен  жайдары мінездерінен байқауға болады. Сондай-ақ, демалушыларға ерінбей ақыл-кеңес беріп жүрген ардагер қызметкер Сақатай апа мен Гүлдің мейірімді қызметі де жаныңды жадыратады. Қабылдау бөліміндегі Қойғараева Гүлденнің адаммен қарым-қатынасындағы сыпайылығы мен кішіпейілдігі ұнады. 

Бұрындары қазан, қараша айларында демалуға келушілердің қарасы біраз азаятын. «Ковид-19»-дың әсері ме, жоқ әлде жұртшылық «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген ақиқатты жете түйсіне бастады ма, бүгінде демалуға келетіндер көбейді. Жаңағы айлардың әр дүйсенбісінде келушілердің саны үш жүзден асып жығылады десем, артық айтқандығым емес.

Тағы бірде Гүлдің адам  қабылдап жатқанының куәсі болдым. «Тәте, сізге әзір орын жоқ деп айттым ғой» десе, келген адам: «Қарағым, сенімен сөйлескенде жолға шығып кетіп едім, енді сонау шалғайға кейін қайтпаймын ғой», – деп жағдайын айтып жатыр. Сол кезде Гүлдің келушінің жағдайына түсіністікпен қарай  отырып, қиыннан жол таба білгеніне сүйсіндім. «Шіркін,  қазақи мінез, мейірімділік нәзік жандарға тән қасиет қой» деп риза болдым. 

Осында демалып жүрген сәттерімде Ақсубаев Серіктей дарқан пейіл, патша көңілді азаматпен тілдесудің орайлы сәті түсіп еді. «Көке, бәріміз де халық үшін қызмет жасау басты парызымыз екенін ешуақытта естен шығармауымыз керек. Сол халқымнан түскен қаражатты осы шипажайды заманауи үлгіде жаңартып, сирек кездесетін қажетті емдеу апараттарымен жабдықтау менің міндетім», – деген ол осындай құлшынысының нәтижесінде бұрынғы ТМД көлеміндегі санаторийлер арасында Мәскеуден келген комиссия шешімімен арнайы сертификатқа ие болып, «Гордость здравоохранения» құрметті атағын иеленгенін айтты. Иә, «Азаматы болса ел азбайды, жанашыры болса жер тозбайды» деген мақал атпал азамат Серік бауырымызға айтылғандай. Соның айғағындай Көкталдан шыққан күре жолдың Арасанға  дейін оқтай түзу әрі жайлы екендігін де айтып өткен артық болмайды. 

Ақындар  жырлағандай  «Еңбек қыл да міндет қыл, демал деген осы заң»  десек, бұл жердегі  демалыс пен  ем шаралары  жан-жақты қарастырылған. Әсіресе арнайы залға  орнатылған әртүрлі деңгейдегі жаттығу құралдары нағыз керекті дүниелер. 

Міне, осындай жайлы жердегі бір жылғы демалысыңыздың  армандағаныңыздай өтері сөзсіз. «Атың барда жер таны желіп жүріп, асың барда ел таны беріп жүріп» дегендей, алыс-жақын шетел асқан да дұрыс шығар, бірақ та «Әркімнің туған жері Мысыр шәрі» дегендей, Алакөл мен «Жаркент Арасанға» ешбір жер жетпейтін  шығар деп ойлаймын. 

Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, жазиралы «Жаркент  Арасанда» жазымыз жайлы өтсін, ардақты  ағайын. 

Еділхан Ескелдинов,
Кербұлақ аудандық кәсіподақ  филиалының төрағасы