Ажар Ғиният балалар шетінеуін азайтуға қартысты ойын айтты

Уақыты: 15.07.2023
Оқылды: 1330
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Талдықорғандағы сапарын облыстық перинаталдық орталығынан  бастады.

Бұл жерде осыдан біраз уақыт бұрын  денсаулығында кемістігі бар 3 жасқа дейінгі балаларды оңалтудан өткізетін орталық ашылған болатын. «Қамқорлық» ерте емдеу орталығында нейро-ортопедиялық бұзылулары бар, церебралды паралич, мерзімінен ерте туған сәбилер, даун синдромы, орталық нерв жүйесі зақымданған, басқа да сырқаттары бар балалар ем алады.   Ажар  Ғиният  3 айдан 3 жасқа дейін ем алып жатқан балалар бөлімін аралап көрді. Мұнда салмағы  1 келіге жетпейтін балалар  әйнек-аппараттың ішінде қадағалануда. Орталық айына 50 бала қабылдайды. Мұнда балалардың әрбірі 2-3 ай сайын ем алады. Перинаталдық орталық директоры Қанат Жұмашевтің айтуынша, ерте басталған емді үздіксіз жүргізіп тұру керек.   

Министр орталықтағы заманауи аппараттармен танысты. Мұнда диагностикалық аудиологиялық тексеру және мидың соңғы үлгідегі электро- энцефалограммасы жасалады.  Орталық аутизмі және мидың басқа да ментальді бұзылулары бар балаларға кешенді  көмек көрсетіп, әлеуметтік дағдыларын дамытады. Емдеу орнында невропатолог, реабилитолог, ЛФК дәрігері, педиатр, балалар ортопеді, сурдолог дәрігер, педагогикалық құрамнан дефектолог,  логопед, эрготерапевт, психолог мамандар қызмет етеді. «Балалар шетінеуін азайту үшін осындай  орталықтар болуы керек. Заманауи аппараттармен қамтылғаны дұрыс. Жұмыстарыңызды жандандыра беріңіздер», – деді министр. 

Бұдан кейін ол қалалық көпсалалы ауруханаға барды. Мұнда  емдеу мекемелерінің барлық бас дәрігерлерімен кездесу өткізді. Мекеме ішін аралады. Облыста жүректің  ишемиялық  инфарктен қайтыс болу  азаймай тұр. Мұның бірден-бір себебі, сырқаттардың ем алу үшін бірнеше айға дейін кезекте тұруы. Кардиология орталығы көбінесе ауыр жағдайда, жедел жеткізілген пациенттерге толып кететін көрінеді. Сондықтан жүрегінде кінәраты барлар уақытында ем ала алмайды. 

Министр мәселені шешу үшін жағдаят орталығын ашуды тапсырды. Сырқат адамдар алдымен жағдаят орталығына жеткізіледі. Сол  жерде қадағаланады. Ем қабылдайды.  Сырқаты асқынған немесе ота жасау керек болса, кардиология орталығына жіберіледі. 

Көпсалалы ауруханадағы басқосуда  денсаулық сақтау саласының жауапты мамандары облыстағы жетістіктер жайын баяндаумен қатар өзекті мәселелерді де ортаға салды. Кеңесіп пішкен тонның келте болмайтынындай көп мәселе бірден шешімін тапты. Жағдаят орталығының ашылатындығына, пациенттердің жылдам ем алуға қол жеткізетініне дәрігерлер де қуанып, қолдау білдірді.

Гүлжан ТҰРСЫН