Министр жаңа заң жобасын таныстырды

Уақыты: 15.07.2023
Оқылды: 1675
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Талдықорғандағы «Оқушылар сарайында» Жетісу жұртшылығымен кездесу өткізді.

Облысымызға жасаған алғашқы сапарын министр журналистермен болған брифингте қорытындылап, халық алдында есеп беріп, өңірдегі денсаулық сақтауды дамытудың бірнеше бағытын атап өтті.  

Жиын барысында тұрғындар тарапынан көптеген сауал қойылып, түрлі ұсыныстар айтылды. Соның ішінде өзекті мәселенің бірі «Elstar» мүгедектер бірлестігінің жетекшісі Вадим Друзиннің кей мемлекеттік мекемелердің алдында әлі де пандус дұрыс қойылмағанын, кейбірінде жоқ екенін айтты. Бұл сауалға министр ханым ескі ғимараттар алдындағы пандус мәселесі өзекті екенін, жергілікті әкімшілік тарапынан да жоспарлар құрылу қажеттігін айтты. Жаңадан салынатын нысандардың бәрінде барлық жағдай назардан тыс қалмаған. 

Ал «Другая жизнь» қоғамдық қорының жетекшісі Камила Османова болса 5 жылдан бері аутизммен ауыратын балаларды қарап келе жатқанын жеткізді. Ондағы кедергі аутист балаларға арналған стоматологтың жоқтығы. Тісті жұлып алып тастауымен мәселенің шешілмейтіні, орнына басқасын салып, оны емдеу мүмкін емес екенін атап өтті. Ажар Ғиният бұл сауал алдынан тек бүгін кездесіп тұрмағанын, өзекті істің бірі екенін айта келіп, талап өзгергенін, бұрын аурухана арқылы қабылдағандарды қадағалау болмағанын айтып, енді мемлекеттік тапсырыс арқылы жұмыс өрге жүзеді деп сендірді. Тапсырыс алғандар ем-домды толық жасайды, ал мамандар табылмаса облыстық аурухана қызметкерлерімен келісім-шартқа отыруға тура келеді. 

Еліміздің бас дәрігері сөз арасында медицина мамандарының құқығын арттырып, мәртебесін көтеретін заң жобалары да талқыланып жатқанын, оның ішінде емделушінің де өз құқығы қарастырылатынына тоқталды. Қалалық жерде, аудан орталығында орналасқандар заманауи құрылғылармен қамтамасыз етіліп, соңғы үлгідегі жабдықтарды пайдаланып жүргенімен облысымыздағы кей ауылдық мекендерде медицина әлі де қолжетімсіз. Осыған орай Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 655 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны, оның ішінде Жетісу облысында 59 нысан (2023 жылы – 25, 2024 жылы – 34) салу жоспарланған. «Алтын сағат» қағидатын сақтай отырып, инфаркт, инсульт, жарақат және басқа да жағдайлар кезінде шұғыл медициналық көмек көрсетіп, сондай-ақ, ірі қалаларға, оның ішінде телемедицина және қашықтан медициналық қызметтер арқылы барудың қажеттілігінсіз мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмек көрсете алатын 32  аудандық орталық ауруханаларға күрделі жөндеу және реконструкция жүргізу көзделген. Осы орайда Жетісу облысында жұмыс істеп тұрған Панфилов аудандық көпбейінді  орталық ауруханасын жаңғырту жоспарда тұр. 

Жетісу облысына кешенді жоспар шеңберінде аудандық емханалар үшін 5 цифрлық және 3 жылжымалы маммограф, 11 бірлік бейнеэндоскопиялық жабдық, 2 бірлік МРТ, 3 бірлік сараптамалық кластағы УДЗ аппаратын, желілік үдеткіш, компьютерлік томограф, ангиограф, лапроскопиялық жабдық сатып алу жоспарланып, жергілікті бюджет есебінен жаңа онкология орталығын салу көзделген.   

Ана мен бала денсаулығы басты назарда. Бүгінде «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы 176 әйел жасанды ұрықтандыру арқылы бала көтерсе, 89 отбасы бала сүйіп отыр. 

Денсаулық сақтауды қаржыландыру мәселесіне қатысты министр МӘМС енгізілген сәттен бастап медициналық көмекке ақы төлеуге бөлінетін қаражат көлемі 2,5 есе, бір тұрғынның денсаулығына жұмсалатын шығыс мөлшері 2 есе, жоғары технологиялық медициналық қызметтерге жұмсалатын шығыс көлемі 3,5 есеге өскен. Бүгінде 16,5 миллион адам МӘМС жүйесінде сақтандырылған (3,4 миллион адам әлі сақтандырылмаған). Ал Жетісу облысында МӘМС жүйесінде 526 мың адам сақтандырылған (174 мың адам әлі қатыспаған).

Министр ханым кездесуден кейін азаматтарды жеке қабылдап, әр өтінішке толық түсініктеме берді. Бірқатар мәселелерді жеке бақылауға алып, ведомствоның бейінді департаменттері мен жергілікті атқарушы органдарға қойылған мәселелерді шешуді пысықтауды тапсырды.

Серік ҚАНТАЙ