Белгілі хирургтің шеберлік сабағы

Уақыты: 12.09.2023
Оқылды: 899
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Бала денсаулығы басты назарда. Оның тіршілік үшін күресі ерте аяқталмауы тиіс. Бұл жолда шыбын жанға араша түсіп жүрген ақ халаттылардың еңбегі ерен. Ауру алқымнан алып, дерт дендегенде дәрігер іздеп дағдарып қалатынымыз хақ.

Облыстық көпсалалы балалар ауруханасында профессор, медицина ғылымдарының докторы Нұрлан Арынов шеберлік сабағын өткізді. Ел арасында танымал хирургтің Талдықорған қаласына бірінші рет келуі емес, биылғы жылдың көктемінде де арнайы ат басын бұрып, бірнеше бүлдіршінге ота жасаған.

Бүгінгі таңда 40 жылдық тәжірибесі бар білікті маман 25 мыңнан астам ота жасапты. Оның 1,5 мыңын тегін өткізген. Бұл күні 14-15 жас аралығындағы 3 жасөспірімге ота жасауды жоспарлапты. Балалардың екеуі жол апатынан кейін операция істеуге келісім берсе, үшіншісі өкпе кистасының эхинококкосына ота жасатуға рұқсат еткен. 

Шеберлік сабағына жас хирургтер мен анестезиологтар қатысты. Олар мұндай ота жасау жұмыстарын көру арқылы үлкен тәжірибе жинамақ. Игі іс облыс әкімдігінің  облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен емдеу мекемесі әкімшілігінің қолдауы арқасында жүзеге асырылды. «Бұл жолғы операциялар бұрынғыға қарағанда қиынырақ болады, барлық науқасқа шұғыл түрде ота жасау керек. Жас дәрігерлермен тәжірибе алмасатыныма қуаныштымын. Мұндай медициналық процедуралар қанша уақытқа созылатынын  алдын ала айту қиын, бірақ әрбір операция кем дегенде бір жарым сағатқа созылады», – деп қысқаша жауап берді Нұрлан Мұхтарұлы.

Науқастарға ота жасау жұмыстары лезде жүргізіліп кетті, жағдай шұғыл шараларды қажет етті. Пациенттерге операциялар тегін істелді. Мұндай операциялардың ақылы клиникаларда орташа құны медициналық жабдыққа жұмсалатын шығындарды есептемегенде шамамен 2 миллион теңге.
Облыстық көпсалалы балалар ауруханасының мамандары елге белгілі дәрігерлерді тәжірибе алмасу мақсатында жылына 2 рет немесе 5 рет шақыратынын айтты.

Медет ЖҰМАБАЙ