Екпе індетінің асқынуынан сақтайды

Уақыты: 16.09.2023
Оқылды: 971
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Коронавирус жұқпасымен әлі адамдардың ауырып қалу қаупі бар екенін ескертеміз. Облысымызда коронавирус жұқпасы бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты.  Ересектер арасында 3,  балалар мен жасөспірімдер арасында 4 оқиға тіркелді.  Коронавирустың жеңіл және орта түріне  шалдыққан науқастар сырқатынан  айықты.  Індетке қарсы қолданған вакцинаның тиімділігі кеселді ауыздықтауға септігін тигізді.

Емхананың «Сүзгі » бөліміне шағымданған науқастардың хал- жағдайларын мұқият тексеріп отырамыз. Себебі, коронавирус жұқпасын басқа аумақтардан жұқтырып келушілер болуы мүмкін.  Аталған қатерлі жұқпаға қарсы екпе егу әлі де жалғасын табуда.  Тұмау жұқпасына баса көңіл бөлу қажет. Шындығында тұмау аса қауіпті, жұқпалы, ауа тамшылары арқылы тез тарайды. 

Тұмаумен сырқаттанған   науқаспен бір сағат қарым - қатынаста болсаңыз, 2-3 күн аралығында тұмаудың белгілері байқалады. Қоршаған ортада вирусологиялық тәсілмен дәлелденген А,В,С  3   түрі бар.  Солардың арасында  тез тарайтын А сыныбындағы вирус. Тұмаудың алдын алудағы негізгі шаралардың ең тиімдісі – екпе егу. Екпе бірінші кезекте жүкті әйелдерге, жиі ауыратын  балаларға, 60 жастан асқан қарттарға, дәрігерлердің есебінде созылмалы аурулармен диспансерлік есепте тұрған науқастарға, жабық мекемелер, интернат тәрбиеленушілеріне егіледі.  Сондай-ақ, медицина қызметкерлері, мұғалімдер, сауда-саттық мекемелерінің жұмысшылары, әскери қызметтегілер, жоғары, арнайы оқу орындары қызметкерлері жатады.

Екпе  шарасы жыл сайын тұмаудың эпидемиологиялық өршу кезеңінің алдында қазан-қараша айларында жүргізіледі. Вакцина адам ағзасында тұмауға қарсы  иммундық талшықтардың пайда болуына септігін тигізіп, тұмаудың қатерлі асқынуларынан сақтайды.

А. Смайлова,
№1 емхананың  эпидемиолог дәрігері
Талдықорған қаласы