АБЗАЛ ЖАНДАР АМАН БОЛСЫН

Уақыты: 17.02.2024
Оқылды: 719
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әйгілі австралиялық психоаналитик Виктор Франкл: «Біз өмірге айналадағы жұртты қуанту үшін ғана келдік. Қасыңдағы адамның түріне, жынысына, мәртебесіне, діни сеніміне, әлеуетіне қарамастан оған шаттық сезім сыйлау үшін ғана туғанбыз», – депті. Дәл мұндай ойды айтуына не себеп? Не жағдай түрткі болды? Осындай ой сіздің де алып басыңызда атой салып жатыр ма? 


Түсіндіре кетейік, уақытында дәрігер В. Франкл ақылы медициналық қызмет көрсетуге мықтап кіріседі. Ақша, әрине, байларда болған соң сол байларға ем-дом жасауға көп уақыт бөледі. Түске дейін ауқаттыларды, түстен кейін кедейлерге қарайласады. Ақысыз болса да дәрігердің көмегіне қол жеткізген кедейлер зор ілтипатпен алғыс білдіреді екен. Шынында, ақысын төлеп тұрған соң кім мәнді разылық танытсын?! Жоқ-жұқаның алғысынан ерекше ләззат алған   В. Франкл өмір жайындағы ұлағатын осылай жеткізіпті. 

Біздің заманымызда дүниеге келген жан әйтеуір дәрігердің алдына бір барады. Кейде өмір мен өлім арпалысында Гиппократ ақсақалға ант бергендердің ғана қауқарлы екенін де білеміз. Содан болар, оларды «Ақ халатты абзал жан» деп дәріптейтініміз. Оларға тек алғаусыз алғыс білдіру аздық етеді. «Тәу ету» қажет. Міне, дәл осындай ойды Ескелді ауданына қарасты Сырымбет елді мекенінің тұрғыны Юлия Свинцова бізге жеткізді. Біз сізге айтайық, оқырман.
Сөз басын науқас баласының барынан бастаған Ю. Свинцова 22 жылдан бері дәрігерлердің алдын жағалаумен келе жатқан жан. Бірақ, ақхалаттылар сырымбеттік ананың бетін қайтармапты. Уақытында қажетті дәрі-дәрмегін беріп, тиісті жабдықтарын әперіп отырады. Айтуынша, баласы қазір аудандық аурухананың психологі Марина Сигиданың қарауында. Осы кісінің емінен кейін баласы бойында тасыған агрессиясынан айырылып, эпилепсия дертінің ұстамасы азаяды. Бастысы, дәрігердің жылы сөзі мен жанды жадыратар іс-әрекеті дертке дауа болып тұр. 

Өмір деген – өмір-өлім арпалысы. Сол арпалыста дәрігерлер болмаса, тіршілік мәнін түйсіне алмас едік. Дәл осындай тәмсілді таразылаған Юлия ақхалаттылардың көмегімен мына жарық әлемде жүргенін айтады.

 – Әлемді ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаған пандемия талайдың есінде қорқынышпен  қалған болар?! Сол кезде менің өкпем 100 пайыз зақымданып, ажалдың аузынан кері қайттым. Мұндай ғажайыпты жетісулық ақхалаттылар жүзеге асырды. Әуелде дене температурам 37,2-37,5 болғанда әлсіздік сезілді, 38 градус болғанда қызуымды ешқандай дәрі-дәрмек түсірмеді. Арнайы тест тапсырдым. Нәтиже теріс. Дене қызуым 39-ға көтеріліп, жөтеле бастадым. Қан қысымым шектен асты, жағдайым нашарлай бастағасын Талдықорғандағы модульдік инфекциялық ауруханаға жатқызды. Жансақтау бөлімінде арнайы аппаратпен тыныс алуға мәжбүр болдым. Бұл жердегі абзал жандар бәйек қағып, құр сүлде күйінде жатқан маған бар қамқорлығын төкті. Ас-суымды беріп, өмір сүруге сүйреледі. Бобров аппаратынан ажыратып, өздігімнен тыныс алуға бейімдеді. Менің батырларым, менің жанашырларым – дәрігерлер, – деді Ю. Свинцова.

Өкпесі 100 пайыз зақымданып, дәрігерлердің көмегімен аман қалған кейіпкеріміз көз жасын сығып алуды да ұмытпады. Сол күннің қылышсыз майдан, оқсыз шайқасын ауыр күрсініспен еске алды. Ауруханадан желтоқсан айында шығып, ақпан айында жұмысқа қосылған Юлияға бастапқыда ауыр болған. Мынадай ауыр хәлден есін енді жиғанына қарамастан қолына сыпырғыш алып, көше тазалау кімге де болса оңай тимейді. Бірақ, дәрігерлердің ескертпелері мен жанашырлық сөздерінен соң аянып қалмауға, тұла бойын мекен еткен үрейімен күресуге ант беріпті. Сөйткен Ю. Свинцова бүгінде денсаулығы мығым, қатардан қалып жатқан жоқ.

 – Дәрігерлер – менің періштелерім. Олар жайлы жылы сөзді тоқтаусыз айтсам күллі өмірім жетпес еді. Қазір сол аурудың тырнағында кеткенімде біреудің қамқорлығынсыз өмір сүре алмайтын ұлымның жағдайы қандай болар еді!? Сондықтан, менің жағдайымды тұрақты қадағалап, емдеген аудандық аурухана басшысы Сәуле Құсмолдановаға, оның орынбасары Светлана Наурызбаеваға, реаниматолог-дәрігер Александр Кимге, кардиолог Элмира Бейсембаеваға, психиатр Галина Имге, терапевт Олеся Поповаға алғаусыз алғыс айтамын. Тіпті, басымды иемін. Осындай адал жандар тек жұмыс істемейді, жауапкершілікті сезініп, еңбек етеді. Өйткені, олар – нағыз ақхалатты абзал жандар! – дейді  Ю. Свинцова.

Ішінде алай-дүлей сезім арпалысқан кейіпкеріміз көздің жасына жиі ерік берді. Әр тамшы мөлтілдеп, көзді сүрткен алақан бетінде айшықталып жатты. Сол көздің әр тамшысы Ескелді аудандық аурухана ұжымына деген алғаусыз алғыстың бір парасы деп түйсіндік.

Дастанбек САДЫҚ