Кезек күттірмес міндет

Уақыты: 07.06.2018
Оқылды: 1294
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыс әкімінің орынбасары  Жақсылық Омар менингит сырқатының алдын алу, балаларды қауіпті дерттен сақтандыру жайында  жиын өткізді.  Селекторлық негізде  ұйымдастырылған жиынға аудан әкімдерінің орынбасарлары және жауапты мамандар қатысты.

Жақсылық Мұқашұлы көпті дүрліктірген кеселдің етек жаймауы үшін арнайы штабтың құрылғанын айта келіп,  қауіпті дерттен балаларды сақтау бойынша атқарылып жатқан шараларға тоқталды.  Ол үшін ең алдымен мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысын тоқтата тұру керектігі айтылды.  Сондай-ақ, Еңбекшіқазақ, Панфилов, Іле аудандарындағы, Текелі қаласындағы жаздық лагерьлердегі балалардың денсаулығын күн сайын назарда ұстауды тапсырды.  
Келесі кезекте қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің басшысы Ерғали Сыдыманов сөз алып, облыстағы ахуалға тоқталды. 
– Облыста 6 жағдай тіркелді. Іле ауданындағы сырқат толық емделді.  Еңбекшіқазақ ауданында екі адам кеселге шалдығып, ем алуда.    Қарасай ауданында бір адам емделіп шықты. Талдықорған қаласында 3 жасар бала шетінеп  кетті. Талғар ауданында тұратын 19 жасар қыз дүниеден өтті. Талдықорған қаласында 2 адам ем алу үшін көпсалалы ауруханаға жатқызылды. Бірақ, олардың диагнозы әлі анықталған жоқ.  Облыс бойынша алдын алу шаралары жүргізіліп жатыр. Бірақ кез келген адам өзінің немесе туысының дене қызуы көтеріліп, тамағы ауырып, түшкіріп,  бөртпе шықса бірден дәрігер шақыруы керек.  Күйзеліс, дұрыс тамақтанбау, ұйқының қанбауы да қатер туғызуы мүмкін екенін еске саламыз.  Көпшілік жүретін, ауа тазаланбайтын жерге бармаған жөн. Бұл сырқатқа  тегін вакцина қарастырылмаған. Сондықтан,  Алматы қаласында екі жекеменшік емханада  менингококктың алдын алу үшін вакцина салынып жатыр. Бағасы – 25 мың. Біріншісі, Алматы қаласындағы Бузырбаев көшесі – 26-үйде орналасқан  «Вакцина» клиникасы.  Телефон номері: 87273824603.  Екіншісі – «Фармаком» емханасы. Алматы қаласындағы Қарасай батыр көшесінің, 30-үйі, телефон номері – 87272917965. 
Келесі кезекте облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары  Майгүл Омарова сөз алып, бүгінгі таңда жұмыс істеп жатқан жазғы лагерьлер туралы айтты.  
– Төрт лагерьде 525 бала тіркелген. Онда сырқаттың алдын алу шаралары жүріп жатыр. Ұл-қыздардың денсаулығын дәрігерлер жіті қадағалауда, – деді ол. 
Жиынды қорытындылаған Жақсылық Мұқашұлы 18 маусымға дейін мектеп жанындағы лагерьлердің жұмысын тоқтата тұруды және  барлық көпшілік орында дезинфекция жүргізуді тапсырды. 

Гүлжан ТҰРСЫН