ТЕГІН МЕДИЦИНАЛЫҚ КӨМЕК КӨРСЕТІЛДІ

Уақыты: 26.07.2018
Оқылды: 1390
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

   Рухани жаңғыру орталығында «Ел бірлігі – Рухани қазына» атты конференция өтті. Басқосуды облыстық әкімдік, Қазақстан  халқы Ассамблеясы және аймақтық корей этномәдени орталығы бірлесіп ұйымдастырды. Екі ел арасындағы достық қарым-қатынас пен медициналық әріптестікті жандандырып, келісімшартқа қол қойылды.

 

   Қазақстанға  тегін медициналық көмек көрсету үшін кәріс елінің өкілдері келді.  Осыған дейін  Монғол халқына он жыл бойы тегін дәрігерлік көмек көрсеткен  «Хенде»  ауруханасының  мамандары ендігі әлеуметтік көмекті Қазақстанға жасауды жөн көріпті. Әлемдегі дамыған он мемлекеттің қатарына кіретін корейлердің көлік жасау, технология ойлап табудағы  жетістігі таңдай қағарлық.  Бұл елдің медицинасының  да қарыштап алға жылжып бара жатқанын білеміз. Көптеген жазылуы қиын сырқат, ауыр ота тек осы елде жасалады.   Бүгінгі таңда елді алаңдатып отырған  қатерлі ісік сырқатын емдеуде  кәрістер жақсы нәтиже көрсетуде.  Біздің отандастарымыз сол жаққа барып, шипа тауып жататыны да рас. Сондықтан кәрістердің бұл келісі – денсаулық сақтау саласына үлкен көмек. Жиын барысында  Орта Азия Консулдық кеңесінің төрағасы Ли Дже Ван басқосуды ұйымдастырған жергілікті жауапты басшыларға алғысын арнады.   
– Отызыншы жылдардың соңында біздің жер аударылған қандастарымызға баға жетпес  көмек көрсеткендеріңізді білеміз.  Оған ризашылығымыз шексіз. Сол кездегі елімізді басқарып отырған басшылардың елді сонша қинап, босқын атандырғанына қайран қаламын. Сіздердің арқаларыңызда ата-бабамыз тірі қалып, бүгінде ұрпағы өсіп-өнуде.   Қаратал өңіріндегі  Бастөбе ауылында  «Қазақ халқына мың алғыс!» атты монумент бар екен. Бардық, көрдік, гүл шоқтарын қойдық.  Бұдан ары қарай екі ел арасындағы қарым-қатынасты  жандандыру ойда бар. «Хенде» ауруханасы мамандарының Қазақстанға келуі де жақсылыққа жақсылық қайтарғымыз келгендігінің айғағы. Біздің дәрігерлер екі тәулікте 20 талдықорғандыққа ота жасапты. Енді 20-30 ота жасау ойда бар. Кейбір сырқаттарға тегін дәрі-дәрмек таратуда. Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханасында  болдық. Мүмкіншілігі мен құрал-жабдығы тәнті  етті, – дейді елші. Қонақтардың сөзіне сүйенсек,  егер біздің тарапымыздан олардың жұмыс жасауына мүмкіншілік жасалса, медициналық көмек көрсету ұзақ мерзімге созылмақшы.    Жиын барысында  «Хенде» ауруханасының директоры Ким Бу Собқа облыстық әкімдік тарапынан  Алғыс хат табыс етілді. Сондай-ақ, Қазақстандағы корей  ассоциациясының вице-президенті, философия ғылымдарының докторы Ким Герман Николаевич «Тхоныль» қоры атынан марапатталды. Басқосуда Қаратал ауданы Бастөбе ауылдық округінің  бас маманы Ирина Цой,  Ілияс Жансүгіров  атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің  аға оқытушысы Венера Енсеевалар сөз сөйлеп, қазақ жері өздерінің отанына айналғанын, онда тұру бақыт екенін  мақтанышпен жеткізді.
Бүгінде Талдықорғандағы көпсалалы ауруханада 12 дәрігер тұрғындарға тегін көмек көрсетуде. Тексерілуге тек жеке бас куәлігін апарса болды.  Онда терапевт, невропатолог, ортопед дәрігерлер бар.  Оңтүстік Корей елінен келген ақ халаттылар нақтаманы өздері қойып, емді өздері жүргізеді.

Гүлжан ТҰРСЫН.