ҚАТЕРЛІ ІСІКТЕН ҚАЛАЙ САҚТАНАМЫЗ?

Уақыты: 14.11.2018
Оқылды: 1602
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Әйелдердің алаңдаушылығы көбейді. Әркімнің ойында қатерлі ісік дертіне шалдығып қалмасам екен деген уайым тұрады. Себебі, сырқатқа шалдығушылардың саны артқан. Қасымыздағы замандастарымыздың  әр нәрседен күдіктеніп жүргеніне күн сайын куәміз. Бірі кеудесінің шаншитынын айтып  қалың ойға батса,  бірі белінің, ішінің сыздайтынынына көңілі алаң. 

Аты жаман сырқат қалай пайда болады? Себебі не? Сұрақтың жауабын білу үшін Талдықорғандағы әйелдер кеңесінің жоғарғы санатты дәрігері, жатыр мойны сырқатын емдеу бөлімінің меңгерушісі  Назгүл Керімбекқызына жолығып, сауал тастаған едік.

- Кесел көп жағдайда әртүрлі инфекциялардың жұғуы және  суық тиюдің салдарынан туындайды.  Әйел жылына бірнеше рет дәрігерге келіп тексеріліп тұруы тиіс. Сол кезде өзгеріс болса, дәрігер бірден айтады. Күдік туындағандардан  сараптама аламыз.  Егер аз-маз өзгеріс болса, бірден ем тағайындаймыз.  Мысалы, біз күніне 30-35 әйелді тексереміз. Соңғы уақыттағы тексеру нәтижесінде үш әйелден қатерлі ісік дертін анықтадық. Келушілердің үштен екісінде суық тию, эрозия, папиллома жұқпасы табылып жатады.  Әр кеселдің өршуін әртүрлі ем тоқтатады. Сондықтан, суық тиген сияқты деп ем-домды өз бетінше жасай беруге болмайды. Бұрын әйелдер үйден тампон жасап, шөптерді қайнатып, жуыну арқылы емделетін. Қазір сырқат, инфекцияның түрі өзгерген. Сондықтан, тек арнайы білімді медицина маманының тағайындауы ғана емделудің кепілі бола алады, – дейді дәрігер.

Оқырмандарымызға толыққанды мәлімет беру үшін жалпы қатерлі ісіктің орын алу себебін сұрадық. Маманның айтуынша, ерте жыныстық қатынас, иммунитеттің төмендігі, шылым шегу, күйзеліс, суық тию, гармондық өзгерістер ісіктің  пайда болуына негіз болатын көрінеді. Қатерлі ісіктің бастапқы кезеңінде ешбір белгі байқалмайды. Науқастардың дәрігерге кеш келуінің себебі де сондықтан. Әйелге тән өзгешеліктердің сыр беруі, іштің төменгі жағының ауруы қатерлі ісіктің белгілері болуы мүмкін.

Жатыр мойнының қатерлі ісігін уақытында байқаған жағдайда емдеуге болады. Әсіресе, бірінші, екінші дәрежедегі обыр тез жазылып, әйелдің денсаулығы қайта қалпына келеді. Мемлекет те дерттің бұл түрін ерекше назарға алып отыр. Бүгінде 20-55 жас аралығындағы  әйелдер скринингтік әдіспен тексеруден өткізіліп, онкоцитологиялық жұғын алынады. Мұндай тексеруден жергілікті жердегі әйелдер кеңесіне барып кез келген уақытта өтуге болады. Сондай-ақ, жатыр мойнының эрозиясы мен дисплазия, яғни, жатыр мойнының клеткалары өзгеріске ұшыраса, ондай әйелдер 2 жылға дейін есепке қойылып, тұрақты бақылауға алынады. Осы уақыт аралығында емделіп шықса, тіркеуден шығарылады. Жалпы кез-келген 20 мен 55 жас аралығындағы келіншектер әйелдер кеңесіне барып тексеріліп, жоғарыда аталған дерттің бар-жоғын анықтаулары тиіс. Әрі тұрмысқа шыққан қыздар балалы болудың алдында да бір тексерістен өткені дұрыс.  Кесел, жұқпа болған жағдайда ем-дом алуы тиіс. Сонда сәбидің де, өзінің де дені сау болады. Ұрпағыңның аман-сау болып өмірге келуі үшін алдын ала тексерілгеннің берер көмегі зор.  Ендеше, әйелдер кеңесіне уақытты созбай барайық.

Гүлжан МҰҚАШҚЫЗЫ

Алматы облысы