СПОРТ – ТУБЕРКУЛЕЗДЕН ҚОРҒАЙДЫ

Уақыты: 10.04.2019
Оқылды: 1141
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

«Өзіңді туберкулезден қорға!» ұлттық бағдарламасының басты мақсаты – өкпе дертінің алдын алу шараларын ұйымдастыру, сырқаттың  алғашқы белгілері, жұқтыру қаупі мен ауру салдары туралы халықты ақпараттандыру. Денсаулықты сақтау,  пайдалы  дағдыларды қалыптастыру, кеселдің алдын алудың артықшылығын айтып, түсіндіру. 

Облыста туберкулезге қарсы іс-шараларды іске асыруда мемлекеттік орган, үкіметтік емес ұйым және медицина мекемелерінің бірлесе қатысуының арқасында соңғы 10 жылда аурушаңдық деңгейі мен өлім-жітім көрсеткіштері төмендеді. 
Биыл туберкулездің алдын алу айлығы шеңберінде салауатты өмір салтын қалыптастыру және медицина қызметкерлерінің бастамасымен 4 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды. Соның ішінде, мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептерде, колледждерде, ЖОО-да, медициналық мекемелерде, көпшілік орындарында  тақырыптық оқытулар, сынып және кураторлық сағаттар, түрлі шығармашылық конкурстар, акция және флеш-моб, конференция, семинар-тренинг, «дөңгелек үстел», сұрақ-жауап кештері, дәріс пен сұхбат, спорттық жарыстар және Ашық есік күні сияқты іс-шаралар өтіп, 122 мың облыс тұрғыны қамтылды. 
Облыстық СӨСҚ орталығының ұйымдастыруымен айлық барысында жасалған жұмыстың жиынтық есебі ретінде «Өзіңді туберкулезден қорға!» атты қорытынды конференция  Жастар ресурстық орталығының ғимаратында өткізілді. Шараға «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті, облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансері, Талдықорған қаласының медицина қызметкерлері, оқушылар, студенттер қатысты. Талды­қорған қаласының  № 4 орта мектебі, І. Жансүгіров атын­дағы Жетісу мемлекеттік уни­верситеті және агротехникалық колледж студенттері дайындаған шығармашылық нөмірлер көрермендердің көңілінен шықты. 
Ша­раның соңында «Өзіңді тубер­кулезден қорға!» атты фотоконкурс жеңімпаздары Мақтау қағаздарымен және сыйлықтармен марапатталды.

А. ҚУАНДЫҚОВА, 
«Алматы облыстық СӨСҚ проблемаларының  
орталығы» ЖШС директорының орынбасары