САҚТАНДЫРУ: ЕМХАНА ҰНАМАСА, АУЫСТЫРА АЛАСЫЗ

Уақыты: 22.09.2019
Оқылды: 2006
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тұрғындарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарына тіркеу науқаны жүруде. Бұл жөнінде «Jetisy мedia» мекемесінде өткен брифингте хабарланды. Тіркеу 15 қыркүйектен 15 қарашаға дейін созылады.

Ақпаратты «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ облыстық филиалы директорының орынбасары Қарлығаш Құрманәлиева және ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК облыстық филиалы директорының орынбасары Біржан Байжанов айтып берді.

– Тіркелу компаниясын пайдалана отырып сіздер өз еріктеріңізбен қажетті емханаға тіркеле аласыздар. Қызмет ұнамаған жағдайда емхананы ауыстыру мүмкіндігі қарастырылған. Бүгінде емханаларға тіркелу жүйесін автоматтандыру қолға алынды. Заман талабына сай электронды портал (eGov) арқылы да тіркелу мүмкіндігі бар. Ол үшін электронды қолтаңба болуы шарт, – деген Біржан Досымханұлы басқа жақтан көшіп келгенде немесе қоныс аударғанда сол жердегі емханаға тіркелуге болатынын айтты. Сондай-ақ, ол 18 жасқа толмаған азаматтар отбасы мүшесі есебінде тіркеле алатынын хабарлады.

Азаматтар тіркелген емхананың қызметін 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап пайдалана алады. Оған дейін қазіргі тіркеудегі емханаға жүгінеді. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жоспарына сәйкес, 2020 жылы Міндетті әлеуметтік сақтандыруға толықтай көшу жоспарланған. Облыс бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмекті 35 мемлекеттік және 10 жекеменшік медициналық мекеме көрсетеді. Сондықтан, барлық тұрғын 15 қазанға дейін тіркелуі керек.

Мәулен ӘНЕРБАЙ
Сурет ғаламтордан алынды