САҚТАНЫҢЫЗ: ТҰМАУДАН 500 МЫҢҒА ЖУЫҚ АДАМ КӨЗ ЖҰМАДЫ

Уақыты: 09.10.2019
Оқылды: 1314
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Тұмау атты қауіпті жұқпаға аса көңіл аудармайтынымыз рас. Бұл жұқпа аса қауіпті, тез арада жұғады. Тұмаумен ауырған науқаспен бір сағат шамасында қатынаста болсаңыз жеткілікті, 2-3 күннен кейін аурудың алғашқы белгілері пайда болады. Бұл жұқпаның қоздырғышы сүзбелі вирустар қатарына жатады және вирус жыл сайын өзінің антигендік құрамын өзгертіп отырады.

Қоршаған ортада вирустың бірнеше түрі кездеседі, олар А, В, С кластарына бөлінеді. Адамзатқа ең қатерлісі және адамдарды тобымен ауруға шалдықтыратыны – А класындағы вирустар. ХХІ ғасырға дейін бірнеше мәрте тұмаудың пандемиясы болып, одан миллиондаған адам көз жұмған еді. Жұқпалы аурулардың арасындағы ең жиі тіркелетіні тұмау жұқпасы, оған дәлел  әлемдік есепке алу жүйесі, жыл сайын жер шарында 3-5 миллион адам тұмау ауруымен ауырып, 300-500 мыңға жуығы осы аурудың асқынуларынан көз жұмып кетеді.

Адамзатты соншама зардап шектіретін тұмау жұқпасының кеселі неде? Өйткені, тұмау жұқпасы ауа арқылы тез арада таралады, кейде жеке бас қолданымындағы заттармен таралады (бет ормамал, сүлгі). Инкубациялық мерзімі 2-3 күн. Тұмаудың алғашқы белгілері: дене қызуының 38 градусқа және одан да аса  көтерілуі, тоңазу сезімінің үдеуі, бұлшық еттердің, буындардың ауруы, тамақ тұсының ауруы, құрғақ жөтелдің пайда болуы, бас қаңқасының шыдатпай ауруы. Кішкентай бүлдіршіндерде вирустық этиологиясы бар іш өту болуы ықтимал. Тұмаудың қауіптілігі асқынуларында, мәселен, құлақтың ішкі бөлігінің, бас қаңқасы қуыстарының, өкпенің, жүректің, ми қабаттарының қабынуына соқтырады немесе адамның  бар ауруларын қоздырады.

Қосымша алдын алу шараларына тұмша тағу, қоғамдық және жеке бас тазалығын сақтау жатады. Егер сіз өзіңізді жайсыз сезініп, аталған белгілерді көрсеңіз, дереу дәрігерге көрініңіз. Өз бетіңізбен емделуден бас тартыңыз.

Тиімді алдын алу шараларының бірі дәрумендерді қабылдау, олар адам иммунитетін қалыптастыруға көмегін тигізеді. Асқа пияз және сарымсақты қолдану табиғи қорғаныс шаралары болып табылады.

Тұмаудан қорғанудың, алдын алудың негізгі шарасы – қарсы вакцина алу. Бұл шаралар жыл сайын эпидемиялық кезеңнің алдында жүргізіледі. Вакцина адамды тұмау ауруының ауыр түрінен қорғайды.

А. СМАЙЛОВА,

«Алматы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемаларының орталығы» ЖШС дәрігер эпидемиологі

Сурет ғаламтордан алынды