ТАЛҒАР АУДАНЫ: БІРДЕ-БІР АНА ӨЛІМІ ТІРКЕЛМЕДІ

Уақыты: 12.11.2019
Оқылды: 1020
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

2011 жылы «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы аясында іске қосылған Талғар аудандық орталық ауруханасы 240 орынға арналған. Бұл мекемеде 6 бөлімше бойынша тұрғындарға медициналық қызмет көрсетіледі. Оның ішінде, 20 төсектік травматология бөлімшесі жаңадан ашылды.

Бұған қоса, жарақаттар пунктін аштық. Енді жарақат алған науқастар басқа жаққа сенделмей осы арадан ем-дом алуларына болады.

Біздің ауруханада балалар мен жүкті әйелдерді емдейтін стоматология кабинеті жұмыс істейді. Сонымен қатар, нейро-инсульт бөлімшесі және 64 кескін жасайтын компьютерлік томограф іске қосылған.

Былтыр облыстық денсаулық сақтау басқармасының қаржыландыруымен шетелден жаңа рентген аппараты сатып алынған болатын. Биыл арнайы кабинет жасақталып, қазіргі күні рентген аппараты іске қосылды. Сондай-ақ, жүктілікті анықтайтын УДЗ аппараты да бар.

Аудан халқының денсаулығын қадағалап, мінсіз қызмет көрсетуде медицина қызметкерлері аянбай тер төгуде. Заманауи талапқа сай жабдықталған кабинеттерде білікті мамандар еңбек етеді. Медицина мамандарының білім-білігін жетілдіріп, тәжірибесін шыңдау мәселесі де назардан тыс қалмаған. Бір қуанарлығы, соңғы тоғыз жылда бірде-бір ана өлімі тіркелмеді. Қысқы маусымға толық дайынбыз. Отын мөлшері жеткілікті. Бұған қоса, ыстық су да іске қосылды.

Гүлнәр ЖАҚЫПОВА,

«Талғар аудандық орталық ауруханасы» МКК директорының бірінші орынбасары