"СЕНЕРІМІЗ - ДӘРІГЕРЛЕР": ТҰРҒЫНДАР АУРУХАНАНЫҢ ЖҰМЫСЫНА ДӘН РИЗА

Уақыты: 19.11.2019
Оқылды: 1562
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Сарқан аудандық ауруханасында 64 дәрігер бар. Оған 2 фельдшерлік амбулатория, 12 медицина пункті және 10 дәрігерлік бөлімше кіреді.

Дәрігерлік – қасиетті мамандық. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса емхананы бетке аламыз немесе «Жедел жәрдемнің» телефон нөмірін тереміз. Бұл жан қысылса, алдымен Алла, содан соң дәрігерге арқа сүйейтіндігіміздің белгісі. Іс тетігін маман шешеді. Дәрігер мамандығында ұсақ-түйек деген болмайды. Сондықтан, ақ желеңді абзал жандар қызмет істейтін мекеменің есігі күндіз-түні жабылмайды.

Сарқан аудандық ауруханасын аралау барысында алдымен балалар бөліміне бас сұқтық. Аурухананың іші құстың ұясындай жып-жылы, бүлдіршіндер апыл-тапыл басып жүр. Бөлмелер жарық және таза. Аналар балаларының жайын жасап әлек. Бірі жетектеп, бірі тамақтандырып, енді бірі төсекте тербетіп, көңілге жылы шуақ орнатады. Біздің журналист екенімізді білген бүлдіршінін құшақтап отырған ана: «Менің есімім – Динара, фамилиям Дүйсенбаева, Қарабөгеттенмін. Тұңғышымнан бастап бар баламды осында босандым. Ауырып-сырқап қалсақ, сенеріміз дәрігерлер. Бірінші балам аурушаң болды. Күн суыса, жиі сырқаттанады. Балаларымды Гүлниса Ахметоваға әкелемін. Келген сәттен ем-домын жасап, нәтижесін ынтасымен қадағалап, бірер күнде ауруханадан құлан-таза сауықтырып шығарады. Тұңғышымның есімі – Жамал, одан кейінгісі – Ермек, содан кейін Баян дүниеге келді. Бүгінде  дәрігерлердің арқасында аман-есен өсіп келеміз», – дейді ол ағынан жарылып.

Мұнда балалар мен аналардың жуынып-шайынуы үшін арнайы бөлме бар. Екі дәрігер, 6 медбике жұмыс істейді. Мекеменің таза болуына жауап беретін Майра Шерубаева, Бибігүл Мұқашева мен Айжан Нұрқазиеваға емделушілер риза. Олардың бөлмелерді жиі тазалап, жуып-шайып, желдетіп тұратынын айтып, еңбектеріне алғыс айтып жатыр.

Облыста, жалпы елде дәрігер жетіспейтіні белгілі. Мұнда да денсаулық саласының мамандары аздық етуде. «Дипломмен ауылға!» бағдарламасы бойынша 2017 жылы 6, 2018 жылы 3, 2019 жылы 5 жас маман келді. Соңғы үш жылда 7 дәрігерге баспана берілген. Жас мамандар емдеу орнына келісімен тәжірибелі мамандардан ем жүргізудің қыр-сырын үйренеді. Бұл орайда гинеколог Алма Оразбекова, терапевт Сағатай Төлегенова, Анапия Тайлақова, фтизиатр, рентгенолог Рауза Әлиева, еңбек ардагері Түйебай Тілемісовтердің маман тәрбиелеудегі еңбегі зор. Олар жастарды нақтаманы дұрыс қойып, тез шешім қабылдап, емнің нәтижесін қадағалауға үйретеді. 

Денсаулық сақшысының бұлжымас міндетіне сырқат адаммен жылы сөйлесу, кеселдің сырын жаймен айтып, түсіндіру, алдағы күнге сеніммен қарау жөнінде кеңес айту жатады. Қазақта «Аурудың емі – саудың сәлемі» деген жақсы сөз бар. Ендеше, емдеушінің қас-қабағы да дертті жеңуге күш береді. Бұл орайда емдеу мекемесінде өткен әр лездемеде аурухана басшылары сырқат меңдеп, жүйкесі жұқарған адамдармен жұмыс істеуде барынша сабырлы болуды талап етеді. Емделіп отырған Ұлбосын Серікова:

– Аудан дәрігерлеріне айтар алғысым шексіз. Қан қысымым жиі көтерілетіндіктен дәрігерлер тіркеуге алған. Тегін дәрі-дәрмегімді уақытында алып тұрамын. Жылына екі мезгіл ауруханаға жатып, ем-дом аламын. Тамақтары да дәмді. Мен ғана емес, келген елдің бәрі денсаулық сақшылары, медбикелер мен басқа да қызметкерлерге риза болып қайтады. Еңбектеріне ризамыз, – дейді.

Әлеуметтік міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне өту үшін тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны белгілі. Осы орайда жер-жерде тұрғындарды емдеу мекемелеріне тіркеу жүзеге асырылуда. Біздің көптеген адамдар бір жерде тіркеуде тұрғанымен, басқа жақта жұмыс істейді. Сондықтан, тұрғындарды мекемелерге тіркеудің өз әлегі бар. Ол Сарқанда ғана емес, ел көлемінде қиындық тудырып отырған жағдай. Аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрия Ошақбаеваның айтуынша, әлі 1059 адам тіркеуге қойылмаған.

Медицина саласындағы негізгі күш «Жедел жәрдем» көлігіне түсетіні сөзсіз. Сондықтан аудандағы көліктер жайына зер салған едік. Байқағанымыз көбі істен шыққалы тұр. Барлығы 14 көлік болса, оның оны техникалық жөндеуді талап етеді. Жаңартуды қажет етеді.Осындай қиындықтарға қарамай ұжым алдыларына келген әр адамның сырқатына мұқият қарап, емдеп, шаңырағына, бала-шағасының ортасына қайта оралуына жәрдемдеседі.

Мекеме қайта жаңғыртудан өткізілуде. Іші-сырты дайын. Енді тек медициналық құрал-жабдықтар қойылса, дәрігерлер жаңа кабинетке көшіріледі. Жұмысты «Жөндеуқұрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Жаңа мекеме тәулігіне 200 адам қабылдауға арналған. Онда 105 төсектік аурухана болады. Дәрігерлермен кездесіп, газетіміз жайлы пікірлері мен ұсыныс-тілектерін тыңдап, емдеу мекемесінің тыныс-тіршілігімен танысып, алдымызға жаңа міндеттер жүктеп шықтық. Жақсы адам жан-жағындағыларға көлеңке емес, жарығын түсіретінін ескеріп, дәрігерлердің адам жанын арашалап қалсам деген тынымсыз еңбегіне риза көңілмен тарқастық. Ұйқысыз өткізген күндеріңіздің өтеуін көріңіздер, құрметті денсаулық сақшылары.

Гүлжан ТҰРСЫН

Сарқан ауданы

Алматы облысы