"УАҚЫТ КЕРЕК": ҚЫТАЙДА ТАРАҒАН ВИРУСТЫҢ ЕМІ ТАБЫЛДЫ

Уақыты: 29.01.2020
Оқылды: 1441
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Гонконг ғалымдары коронавирусқа қарсы вакцина ойлап тапты. Бұл туралы "South China Morning Post" қытайлық газеті жазды.

- Біз вирусқа қарсы вакцина ойлап таптық, бірақ оны сынамадан өткізу үшін біраз уақыт керек, - дейді Гонконг университетінің профессоры Юэн Квок-Юнг.

Профессордың сөзінше, жануарларға жүргізілетін сынама бірнеше айға созылады, ал адамдарға жүргізілетін клиникалық сынама үшін бір жылдай уақыт керек.

"Tengrinews" таратқан мәліметке сүйенсек, ғалымдар тұмауға қарсы вакцинаға коронавирустың беткі антигенін қосып, түрлендірген.

Еске салайық, Қытай билігі 2019 жылы 31 желтоқсанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына Ухан қаласында белгісіз вирустың тарай бастағанын хабарлаған еді. Мамандар Ухан қаласындағы теңіз өнімдері базарынан алынған сынамаларды зерттеді. Нәтижесінде, вирустың қайнаркөзі сол базарда сатылған жабайы жануарлар болғанын анықтаған.

Қытайлық "Синхуа" агенттігінің мәліметінше, қытайлық зерттеушілер коронавирусты зерттеудің алғашқы қорытындысын жариялады. "2019-nCoV" вирусының микросуреттері жария етілді. Қатерлі вирусты жұқтыру жағдайлары Гонконг, Макао, Тайвань, Тайланд, Жапония, Оңтүстік Корея, АҚШ, Канада, Вьетнам, Сингапур, Непал, Франция, Аустралия және Малайзия елдерінде тіркелген. Ал кеше Хубей провинциясында коронавирустан қаза тапқандардың саны 100-ге жеткені белгілі болды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"