"ҚҰРҒАҚ ЖӨТЕЛІ БАР": ҚАСКЕЛЕҢДЕГІ НАУҚАСҚА ЕМ-ДОМ ШАРАЛАРЫ БАСТАЛДЫ

Уақыты: 21.03.2020
Оқылды: 1109
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысының Қарасай ауданында бір адам коронавирус инфекциясы бойынша ауруханаға жатқызылды. Осыған байланысты "Жетісу-медиа" алаңында Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысымен баспасөз мәжілісі өткізілді.

Аталған науқас 17 наурыз күні Сауд Арабиясынан Стамбул арқылы Бішкекке келген. Бішкектен шегарадан жаяу өтіп, таксиге отырып, Алматыға жеткен. Таксиде оның қасында тағы үш адам болады. Алматыда оны достары күтіп алады. Бірақ түнде ол жалғыз ұйықтағанын айтады. Ертеңінде Бішкек қаласындағы әйелі мен балаларына барады. Содан кейін қайтадан Қарасай ауданына жол тартады. Қарасай ауданына барғанда дене қызуының көтеріліп, кеуде тұсының ауырғанын байқап, дәрігерге хабарласады. Дәрігерлер оны аурухана алдында арнайы киіммен қарсы алып, бірден ауруханаға жатқызады.

Ол Сауд Арабиясынан шыққаннан осы күнге дейін 11 адаммен жақын қатынаста болған. Облыстың бас дәрігері Бауыржан Ысқақтың айтуынша, оның жанында болған 11 адам ауруханаға жатқызылған.

- Алматы облысында коронавирус жағдайы 20 наурыз күні тіркелді. Науқас таңғы сағат 10:45 минут кеткенде Қарасай аудандық ауруханасына телефон соғып, дене қызуының көтерілгені жайлы хабарлаған. Соның арқасында сағат 11:30 минутта дәрігерлер инфекциялық ауруханаға оқшаулады. Бірден ем басталды. Бүгінгі күнде оның денсаулығы орташа. Құрғақ жөтелі, кішкене дене қызуы әлі де бар. Науқас Жамбыл облысының Шу қаласына өзінің отбасына да барған. Ол жақта бір күн болып, Алматы облысына Қарасай ауданына келген. Қарасай ауданында өзі жалғыз тұрады. Тексере келе, бұл адамның 11 адаммен қарым-қатынаста болғаны анықталды. Олардың барлығы оқшауланып, ауруханаларға жатқызылды, - деді Бауыржан Ысқақ.

Гүлжан ТҰРСЫН

Алматы облысы