КОРОНАВИРУС: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ЖҮКТІ ӘЙЕЛДЕРГЕ ЖЕҢІЛДІК ЖАСАЛДЫ

Уақыты: 28.03.2020
Оқылды: 1025
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Елде коронавирустың алдын алу барысында көптеген шара жасалып жатқаны мәлім. Осы орайда облыстық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен Алматы қаласында жүктілік бойынша тіркеуде тұрған әйелдер тұрғылықты жері бойынша Алматы облысының кез келген медициналық мекемесіне кедергісіз тіркеле алады. Бұл түрлі себептермен Алматы қаласының медициналық мекемелерінде қаралып, тексеріліп жүрген, кейіннен облыс аумағына келген жүкті әйелдер үшін өте тиімді шешім.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен Алматы қаласына шегаралас аудандардың гемодиализ (созылмалы бүйрек жетіспеушілігі) диагнозы бойынша ем алушылар  Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасына «Жедел жәрдем» көлігімен жеткізіледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты барлық медициналық мекемелерде балаларға екпе салу жоспарлы түрде жүргізіледі. Медициналық мекемеге келетін ата-аналар коронавирусқа қатысты барлық сақтық шараларын сақтауы тиіс.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының шешімімен Алматы аймақтық көпсалалы клиникасы мен Талдықорған қаласындағы облыстық көпсалалы клиникада карантинге байланысты жаңа ережелер енгізілді. Алматы аймақтық көпсалалы клиникасында тіркеуде тұрған  Іле, Қарасай, Талғар аудандарының емделушілері тұрғылықты жердегі аудандық ауруханаларда ем қабылдайтын болады.

Алматы қаласымен шегаралас аудандарға (Қарасай, Іле, Талғар) коронавирустың алдын алу мақсатында қойылған блок-бекеттердің жанына облыстық денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен медициналық тексеру пункттері қойылды. Бір тәулікте әр блок-бекетте үш медицина қызметкері кезекшілік атқарады.

Блок-бекеттегі қызметкерлер тепловизор, медициналық бетперде және арнайы костюмдермен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, денсаулық сақтау басқармасының ұйымдастыруымен блок-бекеттегі кезекшілік атқарып жүрген құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен әкімшілік қызметкерлері үшін медициналық бетперде жеткізілді.

Гүлжан ТҰРСЫН

Сурет ғаламтордан алынды