КАРАНТИНГЕ ЖАБЫЛҒАН КЕГЕН АУДАНЫНДА ТАҒЫ ТӨРТ АДАМ ВИРУС ЖҰҚТЫРДЫ

Уақыты: 03.05.2020
Оқылды: 905
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

"Алматы облысының Кеген ауданында тағы 4 адамның коронавируспен ауырғаны зертханалық тексеру барысында анықталды. Олардың барлығы да бұрын ауырғандармен байланыста болғандар", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

1989, 1950, 1992, 1990 жылы туған азаматтар Есік қаласындағы Еңбекшіқазақ аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылды.

Мұның алдында Қапшағай қаласы, Заречный кентінің 1962 жылы туған тұрғыны індет жұқтырған еді. Ол Шелек ауылындағы аурухананың инфекциялық бөлімінде ем қабылдауда. Жұмыста науқаспен байланыста болған 100 адам тексеріліп, барлығының вирусологиялық тексеру теріс нəтиже көрсетті.

Алматы облысында кеше коронавируспен ауырған тағы 2 адам тіркелді. Оның бірі – Іле ауданы, Қарой ауылының тұрғыны. Екіншісі – 30 сәуірде «Атырау-Алматы» әуе рейсімен ұшып келген жолаушылардың бірі. Оның сырқаты профилактикалық тексеру барысында анықталды. Онымен бірге бортта 79 жолаушы, 9 экипаж мүшесі болған. Жақын байланыста болғандар – 9, потенциалды байланыста болғандар саны – 71 адам. Жақын байланыста болғандар Қарасай аудандық ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылды, ал потенциалды байланыста болғандар үй карантинінде медициналық мамандардың бақылауына алынды.

Алматы облысында 3 мамыр, сағат 13:30-дағы жағдай бойынша қауіпті індетті жұқтырғандар саны 149-ға жетті.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"