АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА БЕС БАЛА КОРОНАВИРУСТАН ҚҰЛАН-ТАЗА АЙЫҚТЫ

Уақыты: 06.05.2020
Оқылды: 1029
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

"Алматы облысында коронавирус инфекциясынан 9 адам емделіп шықты. Соның ішінде бесеуі - 2 мен 10 жас аралығындағы балалар," - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жазылып шыққандар - Кербұлақ ауданының 34 жастағы тұрғыны, жүкті әйел үш баласымен және еңбекшіқазақтық 22 және 29 жастағы ағайындылар, сол сияқты 1991 жылғы әйел адам мен бір отбасының екі баласы. Олар Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасында 16 сәуірден бастап ем алған болатын.

Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы аурухананың бас дәрігері Жамила Әбеуова жүкті әйелдің жағдайы орташа ауырлықта болғанын айтады.

- 34 жастағы жүкті әйел ауруханаға пневмония диагнозымен түскен еді. Жағдайы орташа ауырлықта болды. Дәрігерлер жүкті әйелді қатаң бақылауда ұстады. Жүкті әйелдің үш баласынан коронавирус екі күннен кейін анықталды. Балаларға белгілі алгоритм бойынша ем жүргізілді. Еңбекшіқазақ ауданынан тіркелген екі бала да бір отбасынан. Қазіргі уақытта барлығының денсаулықтары жақсы. Алаңдауға еш негіз жоқ, - деді бас дәрігер.

Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасында емделген 9 пациентке жасалған 3 мамыр күнгі қайта талдау нәтижесі теріс екенін көрсетті. Сөйтіп, Алматы облысында жазылған адамдардың саны 39-ға жетті.

Ал Іле ауданында 3 тұрғын COVID-19 инфекциясын жұқтырды. 1993, 2000, 2001 жылы туған бұл азаматтардың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Олар Қарасай аудандық орталық ауруханасының инфекциялық бөліміне жатқызылды. Науқастармен 8 адам қарым-қатынаста болған. Олар да қазір медициналық бақылауға алынды.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды