СҮЙІНШІ: АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КОРОНАВИРУСТАН АЙЫҚҚАНДАР САНЫ 70-КЕ ЖЕТТІ

Уақыты: 11.05.2020
Оқылды: 1102
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

"Алматы облысында тағы 7 адам коронавирустан жазылып шықты. Олар - Іле, Жамбыл, Еңбекшіқазақ аудандарының тұрғындары", - деп хабарлайды Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Олардың барлығы 23 сәуірден бері Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасында тиісті ем қабылдаған. Қазір барлығының жағдайы жақсы. Сонымен, Алматы облысында COVID-19 инфекциясынан айығып шыққандар саны 11 мамыр, сағат 5:00-дегі жағдай бойынша 70-ке жетті.

Мұның алдында Алматы облысында коронавирустан 14 адам айығып шыққан еді. Олардың 2-еуі – Кербұлақ, 1-еуі – Іле, 1-еуі – Талғар, 10-ы – Еңбекшіқазақ аудандарының тұрғындары. Жазылып шыққандардың үлкені - 72 жаста, кішісі - 7 жаста. Олардың да қазіргі жағдайы жақсы.

Өкінішке қарай, коронавируспен ауырған 1 адам Талғар ауданында тіркелді. Науқас бұрын  науқастанған адаммен қарым-қатынаста болған. Науқас қазіргі уақытта Еңбекшіқазақ ауданаралық көпсалалы ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде жатыр. Онымен қарым-қатынаста болған тұлғалар анықталып оқшаулануда, олар КВИ-ға зертханалық зерттеуден өтеді. Эпидемиологиялық тексеру жалғасуда.

11 мамыр, сағат 5:00-дегі ресми мәлімет бойынша, Алматы облысында қауіпті індетке шалдыққандар саны 183-ке жетті. Еліміз бойынша 5090 адам ауырып жатыр. Қаза тапқандар - 31. Оның ішінде адам өлімі көп тіркелген - Алматы қаласы.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды