"БЕЛГІСІ ЖОҚ": АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА ВИРУС ТАСЫМАЛДАЙТЫН 60 АДАМ АНЫҚТАЛДЫ

Уақыты: 07.06.2020
Оқылды: 1420
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі коронавирусқа шалдыққан, бірақ бойында ешқандай клиникалық белгілері жоқ науқастар туралы мәлімет жариялауды бастады.

2020 жылғы 3-5 маусымдағы жағдай бойынша елімізде жалпы статистикаға қосылмаған 687 коронавирус індетінің белгілері жоқ тасымалдаушы тіркелген. Оның ішінде, ең көбі - Нұр-Сұлтан қаласында. Ал ең азы - Қостанай облысында. Алматы облысында ешқандай ауру белгісі байқалмаған, бірақ сынамасында вирус көрсеткен 60 адам анықталды. Олар өзге адамдарға вирусты тасымалдап, жұқтырушы болып есептеледі.

"Бұған дейін де Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар бойынша статистика жүргізіп келді. Аталған статистикада COVID-19 вирусын жұқтырған, ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ адамдар есепке алынды. Барлық ресми дерек көздерінде коронавирус инфекциясы бойынша ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар бойынша статистика жеке-жеке жарияланады. COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ адамдар айналасындағыларға елеулі эпидемиологиялық қауіп төндіреді. Бүгінгі таңда Қазақстанда тестілеу кезінде күн сайын анықталып жатқан жағдайлардың 60 пайызға жуығы - бұл инфекцияны симптомсыз тасымалдаушылар екенін атап өткен жөн. Елімізде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушыларды бақылау жалғаса бермек", - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің түсіндірмесінде.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"

Сурет ғаламтордан алынды