КОРОНАВИРУС: ҚАУІПТІҢ БЕТІ ҚАЙТПАЙ ТҰР

Уақыты: 06.07.2020
Оқылды: 1008
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Күллі әлем тығырыққа тірелді. Мемлекеттерді әбігерге түсірген тығырықтың аты – СOVID-19. Күн өткен сайын жұқпалы дерттің шырмауына түсіп жатқандардың саны артып, 10 миллион адамнан асты. Дүниежүзіне осындай мәлімет таратқан Джонс Хопкинс университетінің деректеріне қарағанда дерт жұқтырған науқастардың 500 мыңнан астамы қаза тапса, 6 миллионға жуық адам жазылып шыққан.

Қазір ауру ең көп таралған мемлекеттердің алғашқы ондығы белгілі болды. Ретімен қарар болсақ, АҚШ-та 2 741 841 адам ауырып, 130 147 адам қаза тапқан. Одан кейін Бразилияда – 1 274 584 ауру жұқтырғандар, 55 957 адам қайтыс болған. Бізбен көршілес Ресейде ауру жұқтырған 647 849 адамның 9 320-сы өлім құшса, Үндістанда 490 401 адам ауру жұқтырып, 15 301 адам көз жұмған. Ұлыбританияда 310 836 адам ауырып, 43 550 адам қаза тапса, Перуде 272 364 адам ауырып, 8939 адам өлген. Чилиде ауру жұқтырған 263 360 адамның 5068-і қаза тауыпты. Ал Испанияда 247 905 адам ауру жұқтырып, 28 338 адам өлген. Одан кейінгі орында тұрған Италияда 239 961 адам ауру жұқтырып, 34 708 адам қаза тапқан. Алғашқы ондықтың соңында тұрған Иран Ислам Республикасында жұқпалы дертке шалдыққан 217 724 адамның 10 239-ы өмірмен қоштасқан.
Енді елімізге оралар болсақ, Қазақстанда коронавирустің 44 801 оқиғасы тіркеліп, 14 777 адам аурудан жазылып шыққан. Қайтыс болғандардың саны 188. Жұқпалы дертке байланысты карантин жарияланған тұста ауру жұқтырғандар туралы мәлімет сирек естілетін. Соңғы күндері бұл үрдіс жиілеп, аурулардың қатары молая бастағаны жасырын емес. Тіпті, карантиндік шектеу алына салып шетелге демалуға аттанғандардың арасынан тәжді тажалдың белгілері шығып жатыр. Мысалы, «iTours» туристік компаниясы таратқан дерекке қарағанда, Түркияның Анталья қаласына ұшып барған қазақ-         стандық азаматтан ауру анықталған. Жергілікті госпитальға ауыр күйде жеткізілген әлгі азаматтың коронавирус жұқтырғанын білген жергілікті билік Қазақстаннан ұшып шыққан ұшақта науқас туристке жақын жерде отырған барлық жолаушыларды таяу маңдағы емханаларға тексеруден өтуге жіберген. Сондай жедел әрекеттің арқасында тағы екі туристен ауру белгілері шықты. Соған орай бір турист қосымша анализ алу үшін емханаға жатқызылса, екіншісі қонақүйде оқшауланып, карантинге жабылды. 
«Тенгринюс» сайты арқылы мәлімет таратқан «iTours» туристік компаниясының директоры Салтанат Омарованың айтуынша, ауру белгілері анықталған туристердің бәрі карантиннен соң елге қайтарылады. Жағдайлары жақсы. Қазірдің өзінде олардың басым бөлігі елге оралып үлгерді.

Мұхиттың арғы бетінде

Әлемге америкалық теңдікті насихаттап жүрген АҚШ жұқпалы дерттен зардап шегуде. Бұл елдегі ауруға шалдыққандардың саны 2,5 миллион адамнан асып кетті. Осыған орай АҚШ үкіметі наурыздың 16-да он мың адамдық жиындар өткізбеу керектігін ескерткен болатын. Алайда полицияның қысымынан қаза тапқан қара нәсілді Джордж Флойдты жоқтаушылардың наразылығы күллі Америка құрлығын дүр сілкіндірді. Тіпті, жұқпалы дерттің барын да естен шығарып алған жұртшылық дүрбелеңнің дүрмегімен АҚШ билігін төңкеріп тастай жаздады. Соның кесірінен қазір жұқпалы дерттің таралу жылдамдығы күрт артып, күніне 40 мыңнан астам адамның бойынан ауру белгілері табылып жатыр. Қазір тәжді тажалдан ажал құшқандардың саны 130 мыңнан асты. 
Аурудың ошағы Нью-Йорк қаласынан шығып, Американың оңтүстігіне ойысқан. Атап айтсақ, Флорида және Техас штаттарында аурудың рекордтық көрсеткіші тіркелген. АҚШ-тың бас эпидемиологы Энтони Фаучидің айтуына қарағанда, жұқпалы дерттің кең таралуына қауіпсіздік шараларын сақтамаған азаматтардың әрекеттері себеп болған-мыс. Осыған орай қазір барлық қоғамдық демалыс орындары, барлар мен дәмханалар жұмысын тоқтатып, жабылып жатыр. Тұрғындардың үйінен шықпауы тәптіштеліп, тәртіпке бағынбағандар жазаға тартылуда. АҚШ-тың солтүстік-шығысындағы Нью-Йорк, Нью-Джерси және Коннектикут штаттары өзге аймақтан келушілерді 14 күндік міндетті карантинге жатқызып, сақтық шараларын күшейтуде. Осындай күрделі кезеңге орай саяси қадамдар шектеліп, сайлауалды шаралары тоқтатылды. Мысалы, вице-президент Майк Пенс Республикалық партияның Флорида және Аризона штаттарында өткізуі тиіс сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарын кейінгі мерзімге ауыстыртқан.

Кәрі құрлық – Еуропада

Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, Еуропа елдері COVID-19 дертінің ошағына айналып отыр. Өйткені, мұндағы аурудың таралуы толастамай тұр. Осыған орай ДСҰ жүргізген зерттеу бойынша,  1 маусымдағы аурулар­дың көрсеткіші Австрияда 16 761, Албанияда 1 137, Андоррада 764, Беларуссияда 42 556, Бельгияда 58 318, Болгарияда 2 519, Босния мен Герцеговинада 2 510, Ұлыбританияда 276 156, Венгрияда 3 892, Грекияда 2 917, Данияда 11 869, Ирландияда 24 990, Исландияда 1 805, Латвияда 1 055, Литвада 1 657, Лихтенштейнде 82, Люксембургте 4 018, Мальтада 618, Молдовада 8 251, Нидерландыда 46 645, Норвегияда 8 440, Польшада 23 786, Португалияда 32 500, Румынияда 19 257, Сан-Маринода 671, Солтүстік Македонияда 2 226, Сербияда 11 412, Словакияда 1 521, Словенияда 1 473, Украинада 24 012, Финляндияда 6 859, Хорватияда 2 246, Черногорияда 324, Чехияда 9 268, Швейцарияда 30 862, Швецияда 37 542, Эстонияда  1 869 адамға тең болған.
Мамыр айында Еуропаның барлық елдері карантин шараларын жеңілдетіп, барыс-келіске рұқсат берген еді. Алайда Шенген визасы жарамды шегаралар әлі де жабық. Тек Еуроодақ елдерінің азаматтарына көршілес елдерге кіріп-шығуға тыйым жоқ. Адамдарға көшеге шығуға, спортпен айналысуға кеңшілік жасалып, өндіріс орындары мен сауда алаңдары ашылды. Бірақ соңғы кезде эпидемиологиялық жағдайдың ушығуына байланысты тыйым созылатын секілді.
Шектеулерге байланысты Нидерландының Гаага қаласында 200-ге жуық адам қарсылық шараларына шығып, оқшауландыру жұмысы үшін жергілікті билікке наразылық танытты. Әлеуметтік оқшауландыру олардың азаматтық құқын бұзады деп есептейтін наразылыққа қатысушылардың айтуынша, қоғамдық орындарда 1,5 метрлік қашықтықты ұстану қисынға сыймайды. Наурыз айында Нидерландының 50 мыңнан астам азаматы коронавирус жұқтырып, 6100-ге жуық науқас қаза тапқан болатын.
Ұлыбритания жұртшылығы да жұқпалы дерттен әлі толық арылмағандарын айтып, дабыл қағуда. Тұманды Альбион елі үкіметінің төтенше жағдайлар жөніндегі кеңесшісі Джереми Фаррар «Би-Би-Си» агенттігі арқылы жасаған мәлімдемесінде жағдайдың тұрақсыз екендігін айтып, алдағы апталарда жұқпалы дерттің өршіп кетуінен күдіктенетінін жеткізген. Соған орай қазір көршілес елдерге шығуға тыйым салынып, сырттан келгендер екі апталық карантинге жабылуда. Жалпы, Ұлыбританияда коронавирустан 43 550 адам қаза тапқан.
Бір қызығы, сонша адамның өмірін жалмаған жұқпалы дертке сенбейтіндер Еуропада да жетіп артылатын көрінеді. Мысалы, Лондон полициясы өткен сенбіде Клэпхем және Тутинг аудандарының көшелерінде той өткізген екі топты таратуға күш салған. Бұл жолы тұрғындар тәртіп сақшыларына оңай көніп, тез тарап кеткен. Оның алдында Брикстон және Ноттинг-хилл аудандарына жиналған қауым қатты қарсылық көрсетіп, полиция қызметкерлеріне шабуыл жасаған.

Көршілес Ресейдегі жағдай

Солтүстіктегі іргелес көршіміз, ежелден сыры мәлім орыс жұртында жұқпалы дерттің таралуы барлық елдердегідей. Ресейдің 85 аймағы бойынша тіркелген мәліметке қарағанда тәжді тажалды жұқтырған 647 849 адамның 9 320-сы ауыр дерттен қаза тапса, 412 650 науқас ауруды жеңіп шыққан. Осыған орай қолда бар мүмкіндігін барынша пайдаланып жатқан көршілеріміз күнделікті мәліметтерді салып отыратын онлайн желіні іске қосып, беті қатты дерттің барысын көпшілікке таныстырып отыр. Мысалы, маусым айының 30 жұлдызы күні шыққан мәлімет бойынша Мәскеуде бір тәуліктің ішінде 23 науқастың қайтыс болғаны, астанада жұқпалы дерттің құрбанына айналғандар санының 3790 адамға жеткені интернет кеңістігін кезіп кетті.
Ондағы есептік көрсеткішке қарасақ, ауру жұқтыру бойынша Мәскеу мен Мәскеу облысы алдыңғы орында тұр. Мұнда қаза болғандардың саны қайтыс болғандардың үштен біріне тең. Өзге өңірлерден Дағыстан Республикасы ауру жұқтырғандардың саны бойынша 7840 адаммен алдыңғы орында тұр. Башқұртстан Республикасында 5361 адам ауру жұқтырса, Ямал-Ненец автономды аймағында 5580 адам жұқпалы дертке шалдыққан. Чувашия Республикасында 5076, Кабарды-Балкар Республикасында 5010, Татарстан Республикасында 4555, Тыва Республикасында 4486, Саха Республикасында (Якутия) 4223, Солтүстік Осетия Республикасында (Алания) 4006, Қарашай-Шеркес Республикасында 3520, Мордовия Республикасында 3394, Коми Республикасында 3409, Ингушетия Республикасында 3047, Марий Эл Республикасында 2959, Бурятия Республикасында 2924, Хакасия Республикасында 1872, Адыгей Республикасында 1898, Чешен Республикасында 1713, Қалмақ Республикасында 1483, Удмурт Республикасында 1420, Карелия Республикасында 1294, Қырым Республикасында 685, Алтай Республикасында 650 адам ауыр дерт жұқтырған.
Одан бөлек, Ресей Сыртқы істер министрлігінің орталық аппараты мен өкілдіктерінің 40-қа жуық қызметкерінің коронавирус жұқтырғанын, бір дипломаттың қайтыс болғанын Сергей Лавров өз аузымен мәлімдеді. Осындай төтенше жағдайға байланысты көпшілік молынан жиналатын сауда орталықтары, кинотеатрлар, ойын-сауық орындары жабылған. Қазір сақтық шаралары күшейтіліп жатыр.
Міне, күллі әлемді дүр сілкіндірген «COVID-19» дертінің таралу барысы осылайша өріліп, адамзатқа жаңа ұстанымды, жаңа талаптарды таңып отыр. Талаптардың ішінде үйден шықпау, адам көп жиналатын жерлерге бармау сынды қарапайым қағидалар бар. Мұндай талаптарды орындау адам баласын жұқпалы дерттен сақтандырып, аурудың таралмауына ықпал етері анық.
Ендеше, баршаға ортақ талапты ұстана білейік, ағайын!

Мәди АЛЖАНБАЙ