"ӨРЕСКЕЛ ҚАТЕЛІКТЕР ЖОҚ": МӘСКЕУЛІК МАМАНДАР АУРУХАНАЛАРДЫ АРАЛАДЫ

Уақыты: 16.07.2020
Оқылды: 1712
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Мәскеулік медицина мамандары Алматы облысының Қарасай, Іле, Еңбекшіқазақ аудандарының орталық ауруханаларына барды. Консультативтік және практикалық қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылған іссапарда Алмаыты облысы әкімінің орынбасары Б. Байжұманов, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Е. Бабақұмаров, Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Ж. Бекшин және аталған аудандардың әкімдерінің орынбасарлары бірге жүрді.

Бірнеше топқа бөлінген ресейлік дәрігерлер Қарасай аудандық орталық ауруханасының қабылдау бөлімі мен бірқатар бөлімдерін, сол сияқты Шамалған ауылдық ауруханасының провизорлық бөлімін, Қаскелең қаласындағы инфекциялық бөлімін аралады. Арнайы киім ауыстыру орнынан пациент қабылдау, олардың жағдайларын анықтау, ем тағайындауға дейінгі жергілікті медицина мамандарының жұмысымен танысқан құрамында реаниматологтар, эпидемиологтар, терапевтер бар ресейлік дәрігерлер жекелеген ескертулерін айтып, практикалық кеңестерімен, жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, нақты ұсыныстарын айтты.

Іле аудандық орталық ауруханасының жұмысы жайында Іле аудандық бас дәрігерінің орынбасары Айдар Солтанғазиев айтып берді. Бүгінгі күні емдеу мекемесінде өкпені жасанды желдететін 8 аппарат, 4 ренгтген құрылғысы, 1 компьютерлік томограф бар, қажетті дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуде қиындық жоқ. Мұнда коронавируспен ауырғаны анықталғаннан кейін сырқаттар Еңбекшіқазақ, Қарасай аудандарындағы және Шелек ауылындағы инфекциялық емханаларға жіберіледі.

Мұнан соң Еңбекшіқазақ ауданына барған ресейлік медицина мамандары аудандық орталық ауруханада болды. Аудандық ауруханада вирус жұқтырған 374 адам емделіп жатыр. Бүгінге дейін 150-ден астам адам жазылып шыққан. Дегенмен күн сайын вирус жұқтырған 20-ға жуық адамның тіркелуі көңіл алаңдатарлық.

Топ жетекшісі, Мәскеудің ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі бас хирургының орынбасары Руслан Майер жалпы мұндағы жұмыс туралы оң көзқарасы қалыптасқанын жеткізді. Оның айтуынша, Ресейлік дәрігерлер екі елдегі емдеу тәсілдерінің ұқсастығын тілге тиек етіп, мұндағы емдеу талаптарының ойдағыдай, өрескел қателіктердің жоқ екендігін тілге тиек етті.

- Қазақстандық әріптестеріміздің біліктілігі бізден еш кем емес. Дегенмен Ресейде індет бұрын басталғандықтан, онымен күреске біз ертерек кірісіп, біраз тәжірибе жинап үлгердік. Енді сол емдеу тәсілдерімізді қазақстандық әріптестерімізбен бөлісуге келдік. Өйткені індетпен күрес – ортақ міндет, - деді мәскеулік маман Ирина Мачулина.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"