ҚЫМЫЗ БЕН ШҰБАТТЫ ТЕГІН ТАРАТТЫ: ЕРІКТІЛЕР ДӘРІГЕРЛЕРГЕ ЖӘРДЕМДЕСУДЕ

Уақыты: 16.07.2020
Оқылды: 1502
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Жұқпалы індеттің жаппай таралуы оның алдын алу мен сақтық шарасының күшеюінен кейін саябырлай бастағандай. Әрине, бұл ерен еңбектің нәтижесі. Әсіресе, отандық медицина үшін сын сағаты соғып тұр. Қазір инфекциямен күресуге медицина қызметкерлерімен бірге еріктілер де жаппай жұмыла бастады. Сол қатарда "Jas Otan" жастар қанатының мүшелері де бар. Еріктілер дәрігерлерге қолдау көрсетіп, қайырым шарасын бастады.

Egemen.kz сайты таратқан ақпаратта Алматы облысының жастары инфекциямен күресіп жатқан медицина қызметкерлерін қолдап, оларға қымыз бен шұбат ұсынып, жеміс-жидек себеттерін таратуды бастағаны жазылған. "Jas Otan" жастар қанатының жастары Талдықорған қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлеріне 50 литр қымыз, 50 литр шұбат сусынын тегін жеткізді. Әрі сырқаттанған медицицна қызметкерлерінің үйіне жеміс салынған себет алып барды.

- Еліміздегі жағдайға байланысты коронавирус инфекциясымен күресіп жатқан ақ халатты абзал жандардың еңбектері орасан зор. Осындай қиын кезеңде инфекциямен күресуге жұмылған дәрігерлерге қазақтың ұлттық сусыны мен денсаулыққа пайдасы зор жеміс-жидек салынған қораптарды тегін жеткізіп береміз. Бұл іске жастар ерікті түрде қосылып, өз үлестерін қосып жатыр. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектің тапшылығына байланысты туындаған кезекті болдырмау үшін, еріктілер тобы тапсырыс берген науқастың өтінішін орындауға кірісті. Яғни, біз дәріханадан қажетті препаратты алып, науқастың үйіне дейін жеткізіп береміз. Әрі жедел желі арқылы қазетті дәріні қай жерден табуға болатынын анықтап, кеңес беруді де бастадық, - дейді  "Jas Otan" жастар қанаты Алматы облыстық филиалының жетекшісі Еркебұлан Ақболатов.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"