"ҚОРҒАНУДЫҢ ҚАРАПАЙЫМ ӘДІСІН ҰСТАНБАЙДЫ": ПОЛИЦЕЙЛЕР БЕТПЕРДЕ ТАРАТЫП ЖҮР

Уақыты: 17.07.2020
Оқылды: 1189
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Талдықорғанда полиция қызметкерлері медициналық бетперде таратты. Олар жол бойы мен қоғамдық орындардағы адамдарға карантин кезінде санитарлық және гигиеналық нормаларды сақтау қажеттілігін түсіндірді.

Патрульдік полиция экипаждары, жаяу патрульдер қызметі қалада карантинді қамтамасыз етуде жұмысына өз үлестерін қосып жатыр.

- Карантин кезінде кейбір азаматтар, өкінішке орай, жеке қорғанудың қарапайым әдісін ұстанбайды және қоғамдық орындарда, көшеде серуендеу кезінде, медициналық бетпердені кимейді, әлеуметтік ара қашықтықты сақтамайды. Қауіп-қатердің әлі сейілмегенін және қорғаныш құралы инфекцияның таралуын азайтуға септігін тигізетінін түсінуі маңызды. Қандай да бір себептермен медициналық бетпердесіз жүрген азаматтарға инспекторлар маска кию қажеттігін еске сала отырып, оларды ұсынады. Мұндай жұмыстар облыстың барлық аудандарында жүргізіліп жатыр, - деді Алматы облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Данияр Мендебаев.

Полицейлер бір күннің ішінде қала тұрғындарына 500-ге жуық медициналық бетперде табыстады.

Дереккөз: ҚазАқпарат