БЮДЖЕТТЕН 500 МИЛЛИОН ТЕҢГЕ БӨЛІНДІ: ВИРУСҚА ҚАРСЫ ДӘРІ-ДӘРМЕК ЖЕТКІЗІЛУДЕ

Уақыты: 20.07.2020
Оқылды: 1320
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Облыс әкімінің орынбасары Батыржан Байжұманов, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов Талдықорған қаласындағы дәрі-дәрмек қоймаларына барды. Онда қажетті дәрінің бар-жоғы, шетелден, Алматы қаласынан келуі, аурухана, емхана мен дәріханаларға жеткізілуін қадағалады.


Бірінші кезекте «Медсервис Плюс» Қазақ фармацевтикалық компаниясы” ЖШС Талдықорған қаласындағы филиалының қоймасына бас сұқты. Филиал директоры Қадырбек Күдерин дәрілер кесте бойынша Алматы қаласындағы орталық қоймадан аптасына бір рет келетінін айтты. 

– Жеткізілетін дәрінің көлемі әртүрлі, кейде аз, кейде көп. Дәріханалардың берген тапсырысына байланысты. Олар біз секілді көптеген компаниямен жұмыс істейді. Талдықорған аймағы бойынша 130 дәріханамен келісімшартқа отырғанбыз. Әлемді жайлаған індетке байланысты дәл қазір сұранысқа ие аспирин, парацетамол, цитрамон секілді дәрілер жетіспейді, – деген Қадырбек Азбайұлы вирусқа қарсы дәрілерге тапсырыс көп болып жатқанын жеткізді. Сондықтан қойма сөресіне түскен аталмыш дәрілер бірден дәріханаларға жіберіледі.

Сұранысқа ие дәрілерді «СҚ-Фармация» ЖШС-ның облыстық  филиал қоймасынан кезіктірдік. Оларды біз барған кезде жүк көлігінен түсіріп жатты. Ескеретін бір жайт, вирусқа қарсы дәрі-дәрмек, аскорбин қышқылы және бетперде, қолғап секілді құралдардың барлығы тек облыстық, аудандық, қалалық аурухана мен емханаларға жеткізіледі. «СҚ-Фармация» ЖШС арқылы елімізге көрсетілген гуманитарлық көмектер де Талдықорған қаласының бөлек қоймасына келіп жатыр. Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Катар, Түркия секілді елдерден жеке қорғаныш құралдары: костюмдер, көзәйнектер, медициналық бетперделер, бахилдар қоймаға түсті. Олар жақын арада медициналық ұйымдарға таратылады. 

Аймақтағы медициналық мекемелердің дәрі-дәрмекпен қамтылуын сөз еткен Батыржан Құлаймергенұлы:
– Облыстағы аурухана мен емханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін облыс әкімінің шешімі бойынша жергілікті бюджеттен 500 миллион теңге бөлінді. Сонымен қатар 50 миллион теңгеге вирусқа қарсы препараттар сатып алу жоспарланып отыр. Бұл препараттар қауіп-қатер тобындағы азаматтарға, атап айтқанда егде жастағылар, созылмалы аурулары барлар және басқа да санаттағы азаматтарға тегін берілетін болады, – деді. Ал ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыс бойынша департаментінің басшысы Ернар Мақажанов:
– 11 шілдеден бастап мониторингтік топпен бірге облыстағы 146 дәріханаға тексеріс жүргіздік. Олардың алтауы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Дәріні өз бағасынан қымбат сату секілді заңбұзушылық анықталатын болса, әкімшілік жауапкершілікпен бірге лицензиясын қайтаруға дейін барамыз, – деп Талдықорған қаласында заң бұзу дерегі анықталмағанын айтты.

Облыс әкімдігі, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің және «ҚР Фармацевтикалық қызметті қолдау және дамыту Ассоциациясы» Заңды тұлғалардың бірлестігінің облыстық филиалымен бірлескен меморандумға сәйкес мониторингтік топ құрылған болатын. Мониторингтік топ қоймаға келген дәрілердің қажетті жерге жеткізілуі, бағасы, дәріханада жетіспеушілігін әрдайым бақылауда ұстайды. Сонымен бірге заңбұзушылықтың орын алмауын қадағалайды. Осы уақытқа дейін облыстың аудан, қалаларындағы дәріханаларда дәрі-дәрмектердің бар-жоғы және олардың бағасына тексеріс жұмысы жүргізілді. Айталық, Панфилов, Көксу, Қарасай, Еңбекшіқазақ, Сарқан, Балқаш, Қаратал, Жамбыл аудандары мен Талдықорған қаласында өткен тексеріс кезінде Меморандум қосымшаларының тізімінде көрсетілген дәрілерге бағаны көтеру дерегі тіркелмеген. Тек дәріні қымбат сатқан Іле ауданында 2 дәріхана, Ұйғыр, Талғар, Кербұлақ аудандары мен Қапшағай қаласында 1 дәріханадан анықталып, барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Тексеріс жұмыстары жағдай тұрақтанғанға дейін жалғасады.

Мәулен ӘНЕРБАЙ