БАЛАЛАР АРАСЫНДАҒЫ ҚАБЫНУ СИНДРОМЫ: МИНИСТРЛІК НЕ ДЕЙДІ?

Уақыты: 22.08.2020
Оқылды: 1349
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Балалар арасында Кавасаки синдромы тарап жатыр деген ақпарат жалған. Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Соңғы күндері қазақстандықтар әлеуметтік желіде коронавирустық инфекциямен ауырып шыққан балалардың Кавасаки синдромына шалдығып жатқаны туралы жазып жатыр.

Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігі қазір әлемнің көптеген елдерінде, сонымен қоса, Қазақстанда коронавирустық инфекцияның жеңіл немесе симптомсыз түрімен ауырған балалар арасында көпжүйелі қабыну синдромы тіркеліп жатқанын хабарлайды. Оны Кавасаки синдромы деп те атайды. Алайда бұл аурумен коронавирус жұқтырған балалардың барлығы ауырмайды. Тек арагідік жағдайлар тіркелуде.

- Балалар мен жасөспірімдер арасындағы COVID-19 індетімен уақытша ұқастығы бар көп жүйелі қабыну синдромының Кавасакимен байланысы бар. Алайда негізгі емханалық симптомдарында айырмашылық бар. Кавасакимен көбіне кішкентай балалар ауырса, көп жүйелі қабыну синдромы жасөспірімдер мен 21 жасқа дейінгі жастар арасында кездеседі, - деп түсіндірді Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының жетекшісі Риза Боранбаева.

Оның айтуынша, балалар арасындағы қабыну синдромы COVID-19 инфекциясынан кейін асқынатын иммунологиялық құбылыс. Дегенмен, мұндай қабыну өзгерістері COVID-19 жұқтырған балалардың барлығына тән емес. Сондықтан, аурудың алдын алу үшін ертерек қаралып, қажет болған жағдайда медициналық көмек алған дұрыс. Дәрігердің кеңесіне жүгінсе, иммундық реакцияны төмендетіп, дерттің дендеуіне жол берілмейді.

Балалар арасында байқалатын негізгі симптомдар:

- 24 сағат ішінде 38,5-тен жоғары дененің қызуы;

- Демалу органдары зақымдануы – жөтел, тыныс алудың қиындауы;

- Денеде бөрітпенің пайда болуы: әртүрлі дақтың болуы;

- Конъюнктивит, лимфа түйіндерінің өсуі, алақанның ісуі;

- Ауырсыну белгілері – жүрек маңайында, артқы іш қуысында;

- Құсу, жүрек айнуы, диарея, жұтынғанда ауырсыну.

«Күмәндаған жағдайда балалар көпбейінді балалар ауруханасына жатқызу керек. Ол жерде толық диагностика жасалып және қажетті ем-дом қабылдайды», - деп атап өтті бас балалар дәрігері.

Ресми статистикаға сәйкес, Қазақстанда 13-ші наурыздан 19-шы тамызға дейін коронавирустық инфекциямен ауырған 0 жастан 18 жасқа дейінгі 2357 бала тіркелді. Солардың арасында көп жүйелі қабыну синдромына 14 бала шалдықты. Осылайша, ауыру көрсеткіші 0,6 пайызды құраған. Ауру анықталған аймақтардың ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 5 бала болса, соның үшеуі жазылып шықты. Қарағанды, Ақмола және Ақтөбе облыстарында 2 жағдай тіркелді. Алматы, Түркістан, Атырау облыстарында 1 жағдайдан анықталды.

"Барлық ауырған балар Денсаулық сақтау министрлігі бас мамандарының және Республикалық орталық мамандарының жіті бақылауында. Оларды емдеуге арнайы төсек-орындар бөлінген және балаларды емдеуге қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылған", - делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.

"ҚАЗАҚПАРАТ"