ХИДЖАМА ӘДІСІМЕН ҚАН АЛДЫРУ ПАЙДАЛЫ МА? ДӘРІГЕРДІҢ ЖАУАБЫ

Уақыты: 23.08.2020
Оқылды: 5700
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Соңғы уақытта хиджама, яғни, бастан, арқадан қан алдыру көбеюде. Оны, әсіресе, дін адамдары пайдалы десе, дәрігерлер тобы медицина саласына тән емес ем түрі деп құптамайды. Осы орайда Талдықорған қаласындағы «Дос Мед» орталығының директоры Досжан Қыдырхановпен сұхбаттасып, хиджама жасатудың қыр-сыры жайын сұрап білген едік.

– Досжан Амантайұлы, жекеменшік орталық ашып, халықтың денсаулығын жақсарту мақсатында еңбек етіп жатырсыз. Хиджаманың адамға келтірер пайдасы қаншалық, зияны бар ма? Осының аражігін ажыратып айтып берсеңіз.

– Хиджама жасау кезінде адам бойындағы қан алмасу жақсарып, арам қан сыртқа шығады, жасушалар жаңарып, ағзаға оттегі еркін тарайды. Қан алдырудың ешқандай кері әсері болмайды.

Өйткені, хиджама дегеніміз – адам денесіндегі арам қанды сорып, шығарып тастау. Оны кез келген жерден ала бермейді. Әр ауруға байланысты нүктесі болады. Соны тап баса білу керек. Қан алдыратын арнайы күндер де белгіленген. Көбіне бастан, арқадан арнайы аппарат, хиджамаға арналған банкілер арқылы алынады. Бұл ет пен терінің ортасындағы өлі қан. Лабораторияға барып тексертсеңіз де адамға зияннан басқа пайдасы жоқ өлі қан екенін көрсетеді.

Мысалы, хиджама жасап бітіп, банканы алғанда қан тоқтап қалады. Артерияны тіліп жіберетін болса қан оңайшылықпен тоқтамайтыны белгілі. Бұл да осы сөзіміздің дәлелі. Қанмен бірге денедегі артық зат, жаман энергия да кетеді. Адам бір жеңілдеп қалады. Бас ауруы тоқтайды. Мұны жылына екі рет аурудың алдын алу мақсатында жасатып тұрса, пайдасы болмаса зияны жоқ.

Тек қаны аз, қан қысымы төмен, аурудан енді айыққан, отадан шыққан адамдарға жасатуға болмайды. Сонымен қатар, осы істің қыр-сырын білетін мамандарға, демек, арнайы орталықтарға жүгінген дұрыс. Мұндай әдістер дұрыс жасалмаған жағдайда ағзаға үлкен зиян тигізуі де мүмкін.

– Көбіне дін жолындағы адамдар хиджама жасатып жатады. Оның себебі неде?

– Хиджама ол пайғамбарымыздың сүннеті, демек, істеген амалдары. Сондықтан мұсылманға парыз саналады. Пайғамбарымыз өз хадисінде бас ауырса қан алдыру қажеттігін, өйтпеген жағдайда адамның өліп кетуі мүмкін екенін айтады. Мұнда нені меңзеп тұр? Әлбетте, қан қысымын айтып тұр. Қазір қаншама адамдар қан қысымы көтеріліп, басына қан құйылып бақилық болуда. Ал оны болдырмаудың жолы хиджама екенін біліп, пайғамбарымыз сүннет еткен. Кішкентай балалар шетпе болып ауырған кезде де ата-бабаларымыз арқа тұсынан қан алатын. Міне, бұл біздің дінімізде де, дәстүрімізде де бар нәрсе.

– «Дос Мед» орталығы қашан ашылды? Қандай қызмет түрлерін ұсынады? 

– Орталықтың ашылғанына 4 жылдай уақыт болды. Мұнда 8 адам қызмет етеді. Адамға ем жасамас бұрын тамыр ұстап диагноз қоямыз. Сол диагноз негізінде ем жүргіземіз. Хиджама, ине терапиясынан басқа массаждың барлық түрі бар. Бір айта кетерлігі, бізде әйелдерге әйелдер, ерлерге ер адамдар қызмет жасайды. Сондықтан келген адам қымсынбайды.

Исламда әурет, ұят деген түсінік бар. Сол қағиданы берік ұстаймыз. Көптеген медициналық мекемеде ерлер әйелдерге қызмет етіп жатады. Әйел адамдар ұялады дегендей. Біз осы жағын ескердік. Сонымен қатар, жағдайы жоқ, мүгедек  жандарға қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, тегін қызмет көрсетіп тұрамыз.

– Өзіңіздің мамандығыңыз қандай? Неге осы істі таңдадыңыз?

– Негізгі мамандығым – фельдшер. Ал тамыр арқылы диагноз қою, хиджама жасау, ине қоюды Қытай, Ресей елдерінен үйрендім. Екі елден меңгерген тәжірибемді  халық игілігіне жарату мақсатында осы орталықты аштым. Оған хиджамаға деген көпшіліктің сұранысы артып келе жатқандығы да себеп болды. 

– Орталыққа келушілер қатары көп пе?

– Алматыдан, Байқоңырдан, Бурабайдан іздеп келіп жатады. Облысымыздың әр түкпірінен келіп, ем қабылдайды. Болашақта орталығымызды кеңейту, қатарын көбейту жоспарда бар.

– Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан - Алма ЕСЕНБАЕВА

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан