АЛМАТЫ ОБЛЫСЫНДА КОРОНАВИРУСПЕН КҮРЕС ЖҰМЫСЫ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Уақыты: 16.10.2020
Оқылды: 955
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Лаззат ТҰРЛАШОВ «COVID-19» індетімен күресу жұмысын күшейту, «Жол картасы» әлеуметтік бағдарламасы шеңберінде атқарылған жұмыстар туралы тікелей байланыс арқылы селекторлық жиын өткізді.

Облыс әкімінің бірінші орынбасарының айтуынша, пандемияның болуы мүмкін екінші толқынына дайындық жұмыстары басталып кеткен. Ол үшін облыстық бюджеттен қосымша қомақты қаржы бөлінген. Алдағы уақытта халықтың амандығы үшін сақтық шараларын күшейту мақсатында мониторингтік топтарға қатаң тапсырма жүктеді. Атап айтар болсақ, кәсіпорындар, мекемелер, сонымен бірге, халыққа қызмет көрсететін ұйымдар үшін белгіленген санитарлық-эпидемиялық талаптардың орындалуына тексеру ұйымдастыру, кәсіпорындар, сауда үйлері, базарлар, әуежай, вокзалдар, қоғамдық көліктер және қаладағы басқа да ұйымдардың, сондай-ақ, халық көп орналасқан аудандарда санитарлық-эпидемиялық нормалардың орындалуын тұрақты мониторингпен қамтамасыз ету, адамдар көп жиналуы мүмкін жерлерде шектеу шараларын ұстану және профилактикалық жұмыстарды жүгізуді жалғастыру, ауру жұқтыру көздерін, вирустың берілу тізбегін анықтау және шектеу, бақылау шараларын қабылдайтын уәкілетті құрылымдарға ақпарат беру міндеттеледі. Халықты сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырып, медициналық бетпердемен жүруді талап ету керектігін айтты. Сондай-ақ, өзге елмен шегаралас аудандардағы өзгерістерді, Алматы маңындағы ахуалды үнемі басты назарға алу, аудан, қала бойынша атқарылатын жұмысты қадағалау тапсырылды.

Жиында «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасының атқарылуы бойынша орын алған кемшіліктер жайлы айтылды.  Мәселен, облыс бойынша аталған бағдарлама аясында білім саласына қатысты бірқатар нысанның құрылыс жұмысы уақытылы орындалмаған. Бұл туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлсара Исағұлова баяндады. Оның айтуынша, Іле ауданына қарасты Жетіген ауылындағы №3 мектептің шатырын жабу жұмысы тек 50 пайызға, Қаратал ауданындағы Пушкин атындағы мектеп құрылысы 54 пайызға, Текелі қаласындағы №6 мектеп құрылысы 30 пайызға аяқталған. Бұл тізімді Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек политехникалық колледжі, Кеген ауданындағы Ә.Ниязбеков атындағы орта мектеп, Талдықорған қаласындағы №1 Абай атындағы мектеп, Талдықорған қаласындағы агротехникалық колледж толықтырады. Сонымен қатар, бірқатар аудандағы балабақша құрылысы да жоспарды уақытында орындай алмаған. Мұндағы басты себеп – жұмысшы күшінің аздығы. Жыл соңына қарай жоспардың баяу атқарылғанын тыңдаған облыс әкімінің орынбасары аудан, қала әкімдеріне мектеп, балабақша құрылысына жауапты мердігермен кездесіп, жұмысты ширатуды тапсырды.

«Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жоспардың орындалмай жатқаны туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Маржан Мұрат баяндады. Оның айтуынша, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Қаратал аудандары мен Сарқан қаласы құрылыс жұмыстарына қатысты байқауды ұйымдастырмаған. Бөлінген қаржы игерусіз қалған. Жауапты мамандар кеткен кемшілікті алдағы уақытта орындап, жыл соңына дейін оң нәтиже шығаратындарын айтты.

Жиын соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Махатұлы індетке байланысты сақтық шараларын күшейтіп, күнделікті мониторинг жасап, толық ақпаратпен таныстырып отыруды жауапты мамандарға тапсырды. Ал «Жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша кеткен кемшілікті бір аптаның ішінде түзеп, құрылысты уақытылы аяқтамаған мердігер компанияға заңды түрде айыппұл салып, жұмысты жыл соңына дейін бітіруді жүктеді. Аталған жұмыстың нәтижесін тікелей өзі бақылауға алатынын айтты.

Еңлік КЕНЕБАЙ

Алматы облысы

Сурет - ғаламтордан