ІЛЕ АУДАНЫ: ЖИЫРМА ЖАСТАҒЫ ЖҮКТІ ӘЙЕЛ ТРАССА БОЙЫНДА БОСАНДЫ

Уақыты: 17.11.2020
Оқылды: 1147
Бөлім: ДЕНСАУЛЫҚ

Алматы облысында трасса бойындағы медициналық пункт құтқарушылары жүкті әйелді босандырып алды. Бұл жайында "Қазақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігі Апаттар медицинасы орталығына сілтеме жасап хабарлады.

Алматы облысының «Күрті» (Іле ауданы) трассалық медициналық-құтқару пунктіне сағат 14.40-та 20 жастағы жүкті әйел көмек сұрап барған.

- Трассалық пункт фельдшері жүкті әйелді қарай бастаған сәтте оның толғағы басталып кеткен. «Күрті» пунктінің дәрігерлері әйелді сол жерде аман-есен босандырып алды. Құтқарушы-медиктердің сөзінше, қыз бала дүниеге келген. Сәбидің сол сәттегі жағдайы қанағаттанарлық. Қазіргі уақытта босанған әйел мен нәресте Іле ауданының орталық ауруханасына жеткізілді. Дер кезінде көрсетілген медициналық көмектің арқасында бала мен ананың өміріне қауіп төнген жоқ, - делінген баспасөз хабарламасында.

Еске салайық, автожолдар бойындағы медициналық-құтқару пункттері жол-көлік оқиғалары кезінде шұғыл көмек көрсетумен қатар өз бетімен жәрдем сұрап келген жолаушыларға да медициналық көмек береді. «Трассалық медициналық құтқару пунктері ашылған сәттен бастап өтініш білдірген 17 мың азаматқа көмек көрсетілді. Олардың 900-ден астамы емдеу мекемелеріне жеткізілді», - дейді Апаттар медицинасы орталығы өкілдері.

"ЖЕТІСУ-АҚПАРАТ"