РАЙЫМБЕК АУДАНЫНДА СПОРТ КЕШЕНІ АШЫЛДЫ

Уақыты: 17.06.2021
Оқылды: 2243

Райымбек ауданының орталығы Нарынқол ауылы жыл өткен сайын жаңғырып, жайнай түсуде. Осы аптаның басты жаңалығы – ауылдың тау жағынан, жаңадан бой көтерген тұрғын үй мөлтек ауданының дәл қасынан спорттық-сауықтыру кешені тұрғызылып, пайдалануға берілді. Ауыл ғана емес, өңір тұрғындарына үлкен қуаныш сыйлаған спорт кешенінің ашылу салтанатына облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев арнайы қатысты.

– Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы аясында ауылдарыңызда спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Бұл мемлекетіміздің ел келешегін, ұрпақ болашағын қамдастырып отырған салиқалы саясатының жарқын көрінісі. Тәуелсіз Отанымыздың тұғырлы, ғұмырлы болуы – бүгінгі жас ұрпақтың қолында. Білімді, ойлы, ақылды, спортты сүйетін, жаны таза, денсаулығы мықты жас ұрпақ қалыптастырсақ, ойымыздың орындалғаны, мақсат-мүддеміздің жүзеге асқаны деп білеміз. Бүгінгі пайдалануға беріліп отырған кешен спортты сүйетін қалың жұртшылықтың, әсіресе, жастардың қымбатты ордасына айналсын! Келешекте осынау еңселі, сәулетті тамаша ғимараттың құшағынан республикамыздың намысын қорғайтын Азия, Әлем, Олимпиада чемпиондары шықсын! – деді қуанышты басқосуда алғашқы сөз тізгінін алған, ғимараттың лентасын қиған облыс әкімінің орынбасары. Сонымен қатар, заманауи спорттық-сауықтыру кешені облыс аумағындағы бірнеше ауданда бой көтергенін айтты. Болашақта барлық ауылдарда шағын спорт кешендерінің тұрғызылатынын алға тартты. 
Спорт кешенінің салтанатты ашылуында Райымбек аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, спорт ардагері, Қазақстанға еңбегі сіңген жаттықтырушы Бекболат Бірбаев, ережесіз жекпе-жектен екі дүркін Әлем чемпионы Ардақ Назаров сөз алып, қасиетті Нарынқол ауылының төрінен бой көтерген спорт пен дене шынықтырудың ақ ордасына шынайы көңілдерімен құтты болсын айта келіп, ыстық лебіздерін білдірді. Ауылдың қадірменді, қазыналы қарты Медетхан Абиыров жиналған көпшілікке ақ батасын берді. 
Нарынқол ауылында бой көтерген, жаңа жобалы, заманауи спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысын Сейітжан Құсайынов басқаратын «Фуд МС» ЖШС-нің құрылысшылары мен мамандары мерзімінде аяқтап шықты. Осынау игілікті дүниеге бюджеттен 1 200 миллион теңге қаражат бөлініп, игерілді. Облыс әкімінің орынбасары бастаған көпшілік, алыстан ат арылтып келген мәртебелі қонақтар спорт кешенінің ішін аралап, көріп шықты. 180 орынды кешенде бір ауысымда 144 адамның спортпен айналысуына мол мүмкіндік бар. Екі қабатты ғимараттың ішінде күрес, бокс, волейбол, гандбол және жаттықтыру залдары бар. Сырт жақта газон төселген үлкен футбол алаңы, баскетбол алаңы жасалған. Ғимараттың шағын мәжіліс залы, 32 адамға арналған асханасы, 4 киім ауыстыратын бөлмесі қамтамасыз етілген. Кешенді аралаған облыс әкімінің орынбасары Арслан Дәндібаев, Райымбек ауданының әкімі Нұржан Құдайбергенов, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев бастаған мәртебелі қонақтар балғын спортшыларға спорт киімдерін, құралдарын, бокс қолғаптарын сыйға тартып, келешекте тәуелсіз Отанымыздың тірегі болар, намысын ту етер Жақсылық Үшкемпіров, Шәміл Серіков, Ермахан Ыбрайымов, Бекзат Саттарханов, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусінов секілді Олимпиада чемпиондары болыңдар деген игі тілек айтты. 

Қанат БІРЖАНСАЛ
Райымбек ауданы