XXXІІ ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДА: ЖЕТІСУДА 11 ЖОЛДАМА

Уақыты: 19.06.2021
Оқылды: 1589

Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері спортшыларымыз Азия, Әлем, Олимпиада жеңімпаздары мен жүлдегерлері болып көк байрағымызды желбіретуде. XXXІІ жазғы Олимпиада ойындарында да спортшыларымыз Отанымыздың мәртебесін көтеріп, жеңіс тұғырынан көрінеді деп сененміз.

Ұлттық құрама команда спортшылары Олимпиада ойындарына  26 спорттың түрінен, бүгінгі күнге,  62 лицензия бар.

Төртжылдықтың басты додасына жетісулық спортшылар 11 лицензия ұтып алды. Жыл басында облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев Олимпиада ойындарына Алматы облысы оннан аса жолдаманы алады деген болатын. Міне, басшылықтың нақты жоспары орындалып, бүгінгі күнде байрақты бәсекеге дайындалу үстінде. Енді сол дүбірлі додаға қатысатын спортшыларды атап өтейік. Ең алдымен қазақтың оң жамбасына келетін күрес өнерінде бақ сынайтын грек-рим күресінен – Асхат Дильмухамедов, одан кейін жарыс сайын толайым табысқа жететін толағайларымыз ауыр атлетикадан – Зулфия Чиншанло мен Сон Игорь қатысады. Естеріңізге сала кетейік, қазақстандық ауыр атлеттер бұған дейін допинг дауына іліккен болатын. Осыған байланысты әлемдік «ВАДА» тек екі спортшыға ғана рұқсат еткен-ді. Сол екі жолдаманы жетісулық зілтеміршілер иеленді.

Біздің велошабандоздарымыз да жаман өнер көрсетіп жүрген жоқ. Велосипед спортынан (трек)  Пономарев Сергейдің айдарынан жел еседі деген үміт басым.

Шашасына шаң жұқпайтын жеңіл атлеттер де Жетісудың намысын жерге құлатпайды. Бұл сынға жеңіл атлетикадан (спорттық жүріс)  Ратова Айман қатысса, жеңіл атлетика (ядро лақтыру)  Иванов Иван қатысады. Айман мен Иванның екінші олимпиадасы. Лондон Олимпиадасында Алматы облысынан ағайынды Айман, Шолпан Қожахметова қатысқан болатын. Міне, араға сегіз жыл салып Айман төрт жылдықтың басты додасына қайта қатысу құқығына ие болып отыр.

Байдарка мен каноэде есуден  Усова Светланаға да сеніміміз мол. Осы тұста садақшыларды ерекше атап өтуге болады. Бұл тұста садақ атудан  Санжар Мұсаев, Денис Ганькин, Ильфат Абдуллин және 1 командалық есепте сынға түседі. Жалпы садақ спортынан облысымыздың спортшылары республика бойынша үздік атанып жүр. Спорт тарихында Әлем чемпионатында садақ ату спортынан тұңғыш олжа салған жетісулық спортшы. Ол – жастар арасында әлемнің күмісін еншілеген Санжар Мұсаев. Осы оғландарымыз Токиода олжа салса, нағыз сенсация болмақ.

Бұдан басқа тағы да үміт артып отырған спортшыларымыз бар. Алдағы жолдама тарату жарысында тас жолдағы велосипед спортынан – Натаров Юрий, Фоминых Данил, жүзуден – Федотова Мария, садақ атудан – Фарида Түкебаеваның жолы болып кетсе, тағы да төрт жолдамамен толығады деген үмітіміз бар.

Осы орайда спорт басқармасының басшысы Нұрбақыт Теңізбаев «Біздің үміткерлер қазіргі уақытта Токио Олимпиадасына алаңсыз дайындалып жатыр. Олардың оқу-жаттығу жиындарына барлық қолдау көрсетіп, дайындықтарын жіті бақылап отырмыз»,- деп нақты жауап айтты. Олай болса, спортшыларымызға сәттілік тілейік!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ