АРМАНЫМЫЗ АЛТЫН ЕДІ: ТОКИО ОЛИМПИАДАСЫНАН АЗ-КЕМ МӘЛІМЕТ

Уақыты: 05.08.2021
Оқылды: 1710

Төртжылдықтың басты додасы Токио Олимпиадасында ел намысын қорғаған боксшымыз Сәкен Бибосынов жартылай финалға өтті. Бірақ жүлдеге таласатын жалғыз боксшымыздан қазақ жанкүйерлері Олимпиада алтынын күтеді. Ал елімізге алтынмен оралады деген саңлағымыздың бірі Қамшыбек Қоңқабаев Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. Төменде "Жетісу" газетінің тілшісі Токиодағы тартыстан аз-кем мәлімет ұсынды:

52 келі салмақта сынға түскен қазақтың былғары қолғап шебері Сәкен Бибосынов ширек финалда испаниялық Габриэль Эскобардан (3:2) айласын асырды. Алғашқы раундтан-ақ тізгінді қолға алып, жойқын соққыларымен танылған Мырзағали Айтжановтың төл шәкірті испандық боксшыны нокдаунға жіберді. Қалған екі раундта да босаңсымай, отандасымыз жақсы бокстасып шықты.

Испания өкілі барын салып жұдырықтасқанымен біздің спортшының мерейі үстем болды. Осылайша Сәкен Бибосынов кем дегенде Олимпиаданың қола жүлдесін қанжығалауға мүмкіндік алды. Бірақ жанкүйерлерің алтын күтіп жүргені анық. Енді ол жартылай финалда ұлыбританиялық Галал Яфаймен қолғап түйістіреді.

Өкінішке қарай, 63 келі салмақта салмақта ел намысын қорғаған Зәкір Сафиуллин 1/4 финалда аустралиялық Гарри Гарсайдтан (2:3) ұтылып қалды. Бірінші раундта боксшымыз сәтсіз өнер көрсеткенімен екінші кезеңде мықтылығын дәлелдеген еді. Әттеген-ай, үшінші раунд аустралиялық спортшының пайдасына шешілді.

Ұлттық құрама үшін грек-рим күресі тәмам. Байрақты бәсекеде балуандарымыздың бірі де жүлдеге іліге алмады. Жүлдесі былай тұрсын, бірінші кездесулерінде-ақ аттарынан ауып түсті. Әуелі Айнағұлов қырғыз балуанынан айласын асыра алмаса, артынша облыстан аттанған Демеу Жадыраев басымдық таныта алмады. Одан кейін 87 келі салмақ дәрежесінде белдескен Нұрсұлтан Тұрсынов германиялық Денис Кудладан (4:1) ұтылып қалды. Еркін күрес балуаны Нұрислам Санаев (57 келі) бірінші белдесуінде гвиниялық Диамантино Юна Фафені, ширек финалда әлем чемпионы жапониялық Юки Такахасиді жеңген. Алайда жартылай финалда үнді балуаны Рави Кумардан жеңілді. Енді қазақстандық балуан қола үшін күреседі.

Қазақстандық Маргарита Торлопова каноэмен 200 метрге жүзуден жекелей сында (49, 721 секунд) ширек финалға шыққанымен жартылай финалға өте алмады. Сонымен қатар, байдаркамен жүзуде 500 метр қашықтықта өнер көрсеткен Наталья Сергеева да жартылай финалға жетпей сүрінді.

Ерлер арасында каноэде 1000 метр қашықтықта «В» тобының финалында өнер көрсеткен Сергей мен Тимофей Емельяновтар (3:32.873) тұғырдың төртінші сатысына табан тіреді. Жалпы көрсеткіш бойынша олар доданы 12-орынмен аяқтады. Гимнастикалық керме снарядында Милад Карими де жүлдегерлер қатарынан көрінбеді. Алғашқы жаттығуын жақсы бастаған спортшымыз екіншінде екі рет құлап, жарысты сәтсіз аяқтады. Қазақстандық гимнаст 11,266 ұпай жинап, сегізінші орынды қанағат тұтты.

Қазақстандық спортшылар құзға өрмелеуден де қарық қылмады. Қазақстандық Ришат Хайбулин алғашқы іріктеу сынынан әрі аса алмады. Ол қоссайыс қорытындысы бойынша 11-орынға тұрақтады.

Әртістік жүзуден Екатерина және Александра Немич қоссайыс нәтижесінде (167,1005 ұпай) 16-орыннан көрінді.

Жартылай финалға дейін қарсылас шақ келтірмей келген күрзі жұдырықты боксшымыз Қамшыбек ширек финалда ресейлік Иван Верясовты жеңгенде-ақ қола жүлде қалтамызда еді. Арманымыз алтын еді. Бірақ былғары қолғап шебері ақтық мәреге бір табан жетпей, АҚШ спортшысы Ричард Торреске жол берді.

Қазақ боксшысы шаршы алаңда барын салып айқасты. Әттеген-ай, сәттілік серік болмады. Алғашқы раундта қос боксшы да аянып қалмады. Екеуі де жойқын соққыларымен танылды, бірақ Қамшыбек өз басымдығын көрсете алмады. Соның салдарынан төрт төреші бірінші раундта Ричард жеңіске жетті деп шешті. Екінші раундты қазақстандық боксшы жақсы бастағанымен, соңында нокдаун алып қалды. Ал үшінші раундта Қамшыбек жарақат алып, өкінішке қарай, жекпе-жекті мерзімінен бұрын тоқтатты.

Осылайша Қамшыбек Қоңқабаев жарысты қола жүлдемен аяқтады. Айта кетейік, Қамшыбек – жазғы Олимпиада ойындарында еліміздің Туын ұстап шыққан және осы жарыста жүлде алған екінші спортшы. Осыған дейін боксшы Ермахан Ыбрайымов Сидней Олимпиадасында команда капитаны есебінде алтын алған еді.

Айдар НАЗАРҰЛЫ

Сурет - ғаламтордан