ОЗЫҚ ШЫҚҚАН БАЛАЛАР

Уақыты: 08.07.2022
Оқылды: 1835

Астана күніне орай Қонаев қаласында бірқатар шара ұйымдастырылды. 

Бұл күні қала орталығына жиналған жұрттың қарасы қалың болды. Балалар да ерекше әсерде жүрді. Жамбы ату, асық, бестас сынды ұлттық ойындар ойнатылып, бокс, каратэ түрлерінен шоу көрсетілді. Алматы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының башысы Нұрбақыт Теңізбаев бастаған спорт сайыпқырандары озық шыққан балалар мен командаларға атаулы жүлделер табыстады.
«Алатау әуендері» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің өнерпаздары дала сахнасында әсем ән әуелетті. Шаһар әкімі және облыстың зиялы қауым өкілдері қатысқан мерекелік шарада «Гүлдер» балабақшасы тәрбиеленушілерінің қолынан шыққан бұйымдар көрмеге қойылды.  
– Мұндағы заттардың бәрін балдырғандарымыз өз қолымен жасады. Әрине, ата-ана мен біздің үлесіміз бар шығар, десе де, ынталы балалар өздерінің ойындағы заттарын нақыштап, зерлеп, бүгінгі мерекеге тарту етіп отыр. Жалпы саны 275 бала тәрбиеленіп жатқан біздің балабақшамыз «Гүлдер» деп аталғандықтан, мұндағы бұйымдардың барлығы гүлмен көмкеріліп жасалынған, – дейді балабақша тәрбиешісі Гүлнар Нұрдәулет. 
Алаңда садақ асынған жеткіншектер назарымызды бірден аударды. Адырнаға ілінер сайгез оғын сайлап, жамбыны нысанаға алған жас мергендердің тәлімгері Алдияр Нұрғазиев: «Бұл – Сақ жауынгерлерінің дәстүрлі киімі. Біз оқушыларды тек оқ атуға ғана үйретіп қоймай, атқа отыруға, жылқы баптауға баулимыз», – дейді. Сенімді сөйлеген бапкердің мерейін өсіріп жүрген балалардың ішінде Мадияр Шәріпбай, Нарұл Ерболат, Мейіржан Омар сынды жас саңлақтар соңғы жылдары республикалық жарыстардың жеңімпазы атанып та үлгеріпті.
Осы күні жергілікті мектеп-гимназияның акт залында республикалық «Үкілі домбыра» жас күйшілер байқауы өтті. Оған Батыс және Түркістан, Алматы, Жетісу, Абай облыстарынан 14 жас күйші қатысты. 
Жанғали  Жүзбай, Төлепберген Тоғжанов, Мұрат Әбуғазы, Талғат Оразаев сынды дәулескел күйшілер қазылық еткен байқауда Жамбыл облысының намысын қорғаған Мейірбек Әзімбаев бас бәйгені еншіледі. Ал, тағы бір жамбылдық Тимур Үмбетжан 1-орынды иеленсе, жетісулық Мұхит Мүкен 2-тұғырдан көрінді. Алматы қаласынан келген Лунара Мәуетбек 3-орын иегері деп танылды.
Шара барысында қала тұрғындары мен қонақтары «Айбыны асқақ, тұғыры биік – Елорда» атты кітап көрмесін тамашалап, Нұр-Сұлтан қаласы жайлы туындылармен танысты.

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ
Алматы облысы