"АЛАҢ ІЗДЕП КЕТЕТІНІ БАР": ФАВОРИТТЕРДЕН ЖЕҢІЛДІ

Уақыты: 18.03.2023
Оқылды: 854

Былтыр Бірінші лигада «Оқжетпес» пен «Қайсарды» алдына жіберіп 3-орын алған «Жетісу» – ел біріншілігіндегі «Тараздың» қаржылық дағдарысына байланысты Премьер-лигаға оралған. Үш тур өтті. Чемпионаттың басты үміткерлері «Ақтөбе», «Астана», «Ордабасы» клубтарымен болған ойында жетісулықтар 5 гол жіберіп, өздері әлі гол соқпады, ұпай да алмады. Алда «Қайрат», «Тобылмен» матч бар. Олар да турнирлік кестеден жақсы орын алып, Еурокубок ойындарына қатысуға ниетті. Маусым басында премьер-лигада қалуды мақсат тұтқан «Жетісудың» фавориттерден жеңілуі де орынды. Одан кейін ше?  Уақыт – таразы. 

Көктем басталса «Жетісу» үшін «футбол маусымы басталды» деген қуаныштан гөрі уайым басымырақ болады. Өйткені, өз алаңы алғашқы турларда дайын болмай, сыртта ойнап, ұпайдан айырылып, алаң іздеп кететіні бар. Биыл ұпайға тиіспегенімен «Жетісу» өз ойындарын Алматыдағы «Жас қыран» алаңында өткізуде. Талдықорғандағы орталық алаңның қашан дайын болатындығы белгісіз. Жалпы биыл Премьер-лигадағы 14 команданың алтауы («Ақтөбе», «Мақтаарал», «Каспий», «Қызылжар», «Оқжетпес») өз алаңдарының дайын болмауына байланысты, басқа жерде доп тебуге мәжбүр. Инфрақұрылымды жақсарту – айтылып та, жазылып та келе жатқан мәселе. Сәтін салса биыл Талдықорғандағы орталық стадион қайта жаңғырғалы тұр. 
Биыл Премьер-лига жақсы басталды. Бірінші турда жалпы 18 голдың куәсі болдық. Бұл осыған дейінгі 3 маусымның алғашқы турындағы голдардың (2022  жылы – 9, 2021 жылы – 16, 2020 жылы – 14) нәтижесінен көп. Өкініштісі, «Жетісу» 3 турда 1 гол соқпағаны. «Ордабасымен» ойында Бауыржан Тұрсыбектің голын есепке алмады. Ал Максим Самородовты тұсап ұстау биылғы Премьер-лигадағы командалардың негізгі бас ауруына айналатындығы сөзсіз. Алғашқы голын «Жетісуға» соққан футболшы үш турда 4 голды еншісіне жазды. Осылайша Максим Самородов мергендер көшін бастады. Бұл 20 жастағы ақтөбелік ойыншының мәнсабындағы жарқын бастау. Самородовтың соңынан үш турда үш гол салған «Қайрат» ойыншысы Артур Шушеначев («Каспий», «Ақсу», «Атырауға» бір голдан)  пен «Атырау» футболшысы Евгений Козлов («Мақтаарал», «Қайсар», «Қайратқа» бір голдан) келеді. Мергендікке деген бәсекелестік маусым басынан қызу.  
Бірінші турда 33 сары, 2 қызыл қағаз көрсетілді. Соның 6 сары қағазын жетісулық футболшылар алды. Бір қызығы, былтыр «Мақтаарал» сапында бірінші турда ескерту алған Ілияс Әмірсейітов биыл да маусымның алғашқы кезеңінде «Жетісу» құрамында сары қағаз алып отыр. Дәл солай Самат Жарымбетов, Рамазан Оразов, Сергей Малый да 2 жыл қатарынан бірінші турдың тәртіпсіз ойыншылары санатында.   
Жетісудың сегіз баласы – Асхат Балтабеков, Рафкат Аслан, Аслан Әділ, Равиль Атыханов, Мади Хасейн, Давид Есімбеков, Рауан Орынбасар, Нұрбол Нұрберген клуб намысын қорғап жүр. Рауаннан басқасының барлығы үш турда ойынға шықты. Ал Давид Есімбеков 2025 жылы болатын Еуропа чемпионатына іріктеу ойындарын өткізу үшін Қазақстан жастар құрамасының қатарына қосылды. Осыған дейін де ел намысын жастар құрамасының капитаны есебінде қорғаған футболшы биылғы маусымда ойынға араласқан 3 жас футболшының қатарында (1. Тамерлан Ағыманов – «Ақсу» 16 жас, 6 ай; 2. Бейбіт Ғалым – «Тобыл» 18 жас, 4 ай;  3. Давид Есімбеков – «Жетісу» 18 жас, 5 ай).  Бұл Алмас Құлшынбаев бапкердің жас ойыншыға деген сенімі. 
Қосымша ақпарат, 14 бапкердің жетеуі қазақстандық болса, Құлшынбаев ана тілімізде сөйлейтін Премьер-лигадағы жалғыз жаттықтырушы. Сондықтан да оған артылар сенім басым. Ел біріншілігінің келесі маусымына қалу үшін жанталасқан клубпен, чемпиондықты алуды көздеген клубтардың ойыны да басқа, нәтижесі де бөлек. 

Серік ҚАНТАЙ