Жауынгерлік самбодан Азия және тынық мұхиты аймағы чемпионаты ашылды

Уақыты: 11.06.2023
Оқылды: 994

Астана қаласындағы Beeline Arena спорт кешенінде спорттық және жауынгерлік самбодан ересектер, жастар, жасөспірімдер мен зағип жандар арасындағы Азия және тынық мұхиты аймағы чемпионатының ашылуы өтті.

Іс-шарада Азия самбо одағының басшысы, Бүкіләлемдік самбо федерациясының (FIAS) вице-президенті Аламжон Муллаев, Астана қаласының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Жылқыбаев, Қазақстан спорттық және жауынгерлік самбо федерациясының президенті Айдос Ақжанов сөз сөйледі.  «Бас қаламызда осындай ірі жарыстың өтіп жатқаны қуантады. Доданы жоғары деңгейде ұйымдастыруға атсалысқаны үшін Мəдениет жəне спорт министрлігіне алғыс айтамыз. Алдағы күндері елорда тұрғындары мен қонақтары қызық жекпе-жектерге куə болады деген сенімдемін. Чемпионатты ашық деп жариялаймын»,– деді Самат Жылқыбаев. 

Бүкіләлемдік самбо федерациясының вице-президенті бұл бəсекенің несімен ерекше екеніне тоқталды.  «Астанада бұл спорттан тарихи жарыс өтуде. Неге десеңіздер, Астанада алғаш рет зағип жандар самбодан сынға түсіп жатса, əйелдер бірінші рет жауынгерлік самбодан кім мықтыны анықтайды. Сондай-ақ бүгін өткен конгресте Азия құрлығы мен тынық мұхиты аймағының елдері қосылып, осыдан кейін 1 жарыста осылай жиналып, бақ сынайтыны белгілі болды», –деді Аламжон Муллаев.

Ал Айдос Ақжанов əріптестерінің сөзін қуаттай отырып, Қазақстан бұдан ауқымды жарыстарды өткізуге дайын екенін атап өтті. Бұл күндері елордада өтіп жатқан биылғы чемпионат 30 мемлекеттен келген 600-ге жуық спортшының басын қосты.

Шамкен Байырбек