Республикалық спартакиада басталды

Уақыты: 24.06.2023
Оқылды: 756

Талдықорғандағы «Жастар» саябағында жергілікті атқарушы органдар арасында болатын республикалық спартакиаданың ашылу салтанаты өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Рустам Әли, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Бекболат Байжанов қатысты. 

– Бұл жарыс Жетісу жерінде алғаш рет өтіп отыр. Мемлекеттік қызметшілер үшін дене тәрбиесінің маңызы зор. Өйткені халыққа қызмет ету үшін қызметкердің жаны да, тәні де сау, бойы сергек болуы тиіс. Бұқаралық спортқа деген қолдау облысымызда жақсы. Сондықтан да спортты серік еткендер көп. Ал бүгінгі жарыстың жөні бөлек. Барша қатысушыларға сәттілік тілеймін , – деді өз сөзінде Рустам Әли. 

Спартакиадаға еліміздің барлық өңірінен мыңға жуық спортшы келді. Олар 7 спорт түрі бойынша (шағын футбол, волейбол, қазақ күресі, үстел теннисі, жүзу, тоғызқұмалақ пен бильярд) сынға түседі. Жарыс бір аптаға созылады. Бұл жарыс 2011 жылдан бері тұрақты өтіп келе жатыр. Еске сала кетейік, былтыр спартакиада Петропавл қаласында өтті. Жалпы есепте Батыс Қазақстан облысының командасы топ жарған. Ал Ақтөбе мен Павлодар үздік үштікті түйіндеген. 

– Барша мемлекеттік қызметкерлерді кәсіби мерекесімен құттықтай отырып осындай үлкен мереке ұйымдастырып жатқандарға алғысымызды білдіреміз. Мемлекеттік қызметкер жан-жақты әрі көпшілікке үлгі болуы керек. Ал спорттық сайыстар арқылы мінез қалыптасып, денсаулық нығайып, рух оянады. Спартакиадаға қатысушыларға сәттілік тілеймін, шын мықтылар жеңіс тұғырына көтерілсін, – деді Бекболат Байжанов.

Ашылу салтанатының соңы концерттік нөмірге ұласты.  

Қали АСҚАР