Жетісулықтар – жүлдегер

Уақыты: 25.06.2023
Оқылды: 723

Талдықорғанда тас жолдағы велоспорттан ҚР VI Жазғы спартакиадасы өтіп жатыр. Жарыстың бірінші күнінде ерлер мен әйелдер арасындағы 2х15 шақырымға аралас командалық эстафета өтсе, екінші күні ерлер 30 шақырым, әйелдер 25 шақырым қашықтықта сынға түсті. 

Аралас командалық жарыста мәре сызығын Солтүстік Қазақстан облысының құрамасы (ерлер – Глеб Брусенский, Даниил Пронский, Николя Винокуров, әйелдер - Махаббат Үмітжанова, Полина Братчикова, Надежда Морозова) бірінші болып кесті (0:38:40). Екінші орынды Жетісу облысы (ерлер – Антон Кузьмин, Игорь Чжан, Өркен Сламжанов, әйелдер – Фаина Потапова, Акпейіл өсім, Виолетта Казакова) иеленді (0:39:09). Үздік үштікті Алматы қаласының командасы (ерлер – Сергей Лущенко, Лев Порошенко, Батырхан Алик, әйелдер – Виктория Колесникова, Елизавета Достовалова, Дильназ Рузукулова) түйіндеді (0:41:38).  

Ерлер арасында 30 шақырым болатын жекелей жарыста Солтүстік Қазақстан облысының намысын қорғайтын Алексей Луценко жеңімпаз атанды. Ұлттық құрама көшбасшысы бұл қашықтықты 34 минут, 34 секундта өтті. Екінші орынды Павлодар облысының өкілі Дмитрий Груздев иеленді (0:35:58). Ол жеңімпаздан 1 минут, 24 секундқа қалып қойды. Үздік үштікті Жетісу облысының шабандозы Антон Кузьмин түйіндеді (0:36:09). Ал әйелдер арасында 25 шақырым қашықтықта сынға түсіп, 36 минут 3 секунд уақыт көрсеткен Махаббат Үмітжановаға (СҚО) тең келер ешкім болмады. Күміс және қола жүлдені Жетісу облысының спортшылары Виолетта Казакова (0:37:11) мен Ақпейіл Өсім (0:37:21) алды.

Жарысқа 12 аймақтың спортшылары қатысып жатыр. Спартакиада аясында тас жолдағы велоспорттан андерлер, жасөспірімдер және паралимпиадашылар арасында Қазақстан чемпионаты өтеді. 

"Жетісу-ақпарат"