АРМАНЫ АСҚАҚ АРМАН

Уақыты: 24.09.2023
Оқылды: 687

Еліміздегі футзалдың даму қарқыны кейінгі жылдары жақсы. Ұлттық құраманың жетістігі, клубтарымыздың жоғары нәтижесі оң әсер етті. Араға үзіліс салып қайта құрылған «Жетісу» футзал командасы биыл мықты ойыншылармен жасақталып, жергілікті аяқ доп шеберлерін де қатарға қосты. Ойында өзіндік орны бар талдықорғандық жас Арман Қаражановпен әңгімелесудің сәті түсті.

Жастығына қарамастан Жетісудағы футзалдың дамуына үлес қосып жүрген жан. Кезінде «Жетісуда» кіл мықтылармен легионерлер болғанда жалғыз өзі нағыз жетісулық болды. Бүгінде «Жетісу» сапында 6 жергілікті ойыншы бар. Олардың қатарға қосылуына да себепкер болған – Арман Қаражанов. Арман осыдан 3 жыл бұрын ел футзалында доп теуіп жүрген жалғыз талдықорғандық болды. «Жетісу» командасы 2020 жылы қаржылық дағдарысқа байланысты жабылған сәтте үздік ойыншыны «Бәйтерек», «Астана», «Каспий» сапынан көрдік. Былтыр «Жетісу» клубы қайта құрылып, өз жұмысын бастаған сәтте-ақ алғашқылардың бірі болып келген – Арман Қаражанов. Арман Талдықорғанда дүниеге келген. Ауладағы достарымен доп қуып жүріп, 7 жасында сиқыры мол спорт түріне арбалды. Футзалға келмей тұрып, үлкен футболдан «Жетісудың» балалар, жасөспірімдер құрамасында болды. Алғашқы бапкерлері Виктор Михайлұлы, Сағындық Қасымжанов. Талантты бала алғашқы келісімшартты 2010 жылы жасады. Ал 2014 жылы үлкен футболдағы мансабын аяқтаған Арман, балалар жаттықтырушысы болып жұмысын бастады.

Артынша «Казкоммерцбанкте» жұмыс істеп, қосымша футболдан әуесқой лигаларда ойнап жүріп көзге түсті. Тұла бойына сіңген футбол – кейіпкерімізден бір елі қалмады. Жаттықтырушы да, банк қызметкері де болып көрді. Бәрі футболшы болу арманын басып та, өшіріп те кетіре алмады. Футзалдан ел біріншілігінің 2016/17 жылғы маусымына «Жетісу» команда құрып, Арман бір топ талдықорғандықтың арасынан іріктеуден сүрінбей жалғыз өтті. Бразилиялық маманның көзіне түседі, ойындағыдай ойын көрсетеді.Футзалды таңдауына әкесімен анасы үлкен қолдау білдіріп, бүгінгі биікке жетуіне дейін тіледі. Арман қолдаушы қорғандарының арқасында белесті сатылы бағындырып келеді. Бүгінгі жарқын карьерасының бастауы болған үлкен футболға Арманның алғыстан басқа айтары жоқ.  Футзалдан ел чемпионатына қатысқан алғашқы жылында 4 ойында 1 гол салды. Одан кейінгі маусымдарда Арман тұрақты түрде команда сапында болды, алаңға жиі шықты. Команда құрамы өзгеріп, жаттықтырушылар да ауысып отырды. Әр бапкермен жұмыс істеп, командаластарды әр маусым сайын жаңартып отырды. Келіп-кеткен ойыншы, бапкерлерден үйренгені көп. Кейіпкеріміздің айтуынша бразилиялықтардан тактикалық тұрғыда көп шыңдалғанын, қорғанысқа баса назар аударып жүру керектігін ұққан. Сырттан келген мықтылардан бөлек Арман қазақ футзалының аңызы болған Дінмұхаммед Сүлейменов, Серік Жаманқұловпен бір ұжымда ойнады. Даңқты ойыншылармен қатар жүріп біраз істі үйренгені бар. Жалпы футзалда әлі де үйренетін тұс көп. Жылдам футболдың қателігі де бар, жемісі де аз емес. Арманның өзі кейінгі 3 жылда ел футзалының деңгейі өскенін, мықтылар тоғысқан ортаға айналғанын айтады. Биылғы «Жетісудың» негізгі мақсаты – талдықорғандық жанкүйерлерді жиі қуантып, жақсы нәтиже көрсету. Оған бүгінгі құрамдағы ойыншылардың біліктілігі де, тәжірибесі де жетеді.  

Серік Қантай
Суретті түсірген: Жеңіс Ысқабай