Никита Чирюкин Азия ойындарында оқ атудан қола жүлдеге ие болды

Уақыты: 25.09.2023
Оқылды: 554

Қазақстандық Никита Чирюкин Ханчжоуда өтіп жатқан Азия ойындарында оқ ату жарысында қола жүлдегер атанды, деп хабарлайды Zakon.kz.

Туризм және спорт министрлігінің 25 қыркүйек күні мәлімдеуінше, Никита Чирюкин 26 ұпай жинап, жоғары жылдамдықты тапаншадан атуда үшінші орынға табан тіреді.

Қазақстандық спортшы жеңіс тұғырын ҚХР мергендерімен бөлісті.

"Никита – көптеген беделді жарыстардың жеңімпазы және жүлдегері. Бүгін де ол биіктен көрінді. Бәсекелестік қиын болғанына қарамастан ол өзінің шеберлігін көрсетті. Никитаны, оның командаластары мен жаттықтырушыларын осы жүлдемен құттықтаймын", – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.

Ал дзюдошы қызымыз Әбиба Әбужақынова ХІХ жазғы Азия ойындарында Қазақстан құрамасына алғашқы күміс медальды әперді.

48 келі салмақта спортшы қызымыз алтын медаль үшін таласта үш дүркін әлем чемпоны, 2018 жылғы Джакатадағы Азия ойындарының жеңімпазы жапондық Натсуми Тсунодоға жол беріп алды. 

Сурет: Туризм және спорт министрлігі