Жетісу облысының мәслихат депутаты туған ауылына спорт мектебін сыйға тартты

Уақыты: 07.12.2023
Оқылды: 653

Жетісу облысы мәслихатының депутаты, «АМАNАТ» Фракциясының мүшесі өз ауылына құны жүз миллион теңге болатын спорт мектебін сыйға тартты, деп хабарлайды 7-su.kz желілік басылымы «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Осылайша халық қалаулысы Жалғас Алтынбеков туған жерінің дамуына үлес қосып, спорт саңлақтарын тәрбиелеп шығаруға атсалысуда. Қазір Тұрпан ауылының жастары түрлі деңгейдегі спорт сайыстарына қатысып, жүлделі орындарға ие болып жүр.

Жалғас Алтынбеков «спорт мектебін салуды бала кезден армандадым» дейді. Бұған дейін жеткіншектер орта мектептің аядай бөлмесінде жаттыққан. Енді олар үшін заманауи жабдықталған арнайы зал жұмыс істеп тұр. Бүгінде дәл осы жерден жиырмадан астам чемпион шығып үлгерді.

Жұмахан НҰРЖАУ, ТҰРПАН АУЫЛДЫҚ СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ:

2 жылдың ішінде көрсеткіштері жаман емес. Өте жоғары деп айтсақ болады. Өйткені республикалық жарыстарда топ жарып жүрген балаларымыз жеткілікті. Спорт мектебінде тек қана грек-рим күресі емес, стол теннисінен жаттығады балаларымыз. Шахматтан, шашкиден, тоғызқұмалақтан аудандық жарыстарда топ жарып жүр.

Спорт мектебінде қазір екі ауысыммен 80 бала жаттығады. «Олардың көк туымызды желбіретіп, жеңіске жеткенін көргенде, кеудемді мақтаныш кернейді», - дейді Жалғас Алтынбеков.

Жалғас АЛТЫНБЕКОВ, ОБЛЫСТЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ, «АМАNАТ» ФРАКЦИЯСЫНЫҢ МҮШЕСІ:

Барлық береке ауылдан шығады ғой. Ауылдың балалары өте ұлтжанды, рухты, намысты, күш-қайрат бойында. Осы ауылдан өте мықты азаматтар шығады. Елге қызмет етеді деген мақсатпен спорт мектебін сыйға тарттық. Өзім армандадым «ауылыма бір жақсылық жасасам, ауылыма бір пайдам тисе» деп.

Мұнда балалардан бөлек кешкі уақыттарда ауыл тұрғындарының да спортпен шұғылдануға мүмкіндігі бар.

Серік АЯНБЕКОВ, ТҰРПАН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:

Қазақстанымыздың жақсы деңгейіне шығуына атсалысып, спонсор болып жатқан жігіттеріміз жақсы. Ауылымызда көптеген жұмыстар істелініп жатыр. Жас жігіттердің бәрі спортпен шұғылданып жатыр. Түнімен мына алаңдарда жұмыс істейміз. Жалпы ауылымыз дамуда.

Жалғас Алтынбеков спорт қана емес, елдімекеннің білім, мәдениет, әлеуметтік салаларының дамуына да сүбелі үлесін қосып келеді. Ауылды өркендетуге бағытталған жоспарлары әлі де көп. Болашақта туризмді дамытуды қолға алып, қонақ үй кешенін салсам дейді.