Жетісуда үздік спортшылар марапатталды

Уақыты: 13.12.2023
Оқылды: 803

Жаһан жарыстарында жүлде алып, Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды шырқатып жүрген жетісулық үздік спортшыларды облыс әкімінің арнайы дипломы және қаржылай сыйлықпен Талдықорғандағы Салтанат сарайында облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл марапаттады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі бұқаралық спортты және инфрақұрылымдарды дамыту бойынша әр Жолдауында айтып келеді. Облысымыз да осы бағытты негізге алып, іс жүргізіп жатыр. Биыл Кербұлақ ауданы Басши ауылында күрес залы, Сарыөзек ауылында орталық стадион және Алакөл ауданындағы Бескөл, Панфилов ауданындағы Пенжім мен Үлкен Шыған ауылдарында спорттық кешен бой көтеріп, Қаратал ауданындағы Кәлпе аулында блокты-модульді кешен ашылды. Одан бөлек, Сарқан қаласында жабық футбол манежі, Көксу ауданында FIFA стандартына сәйкес Қазақстан футбол федерациясы ассоциациясының демеушілігімен Батыржан Оңғаров атындағы футбол алаңы қайта жөндеуден өтті.

– Облысымыздағы барлық спорт пен спортшыларға жағдай жасалған. Соған сай биыл жетісулықтар қатысқан жалпы жарыстан 2000-ға жуық медаль алды. Келесі жылы Парижде өтетін Олимпиада жолдамасын да алғашқылардың бірі болып жетісулық Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай, Александр Еременко алды. Спортты дамыту бойынша бірқатар істі негізге алып, жоспар құрып жатырмыз. Келер жылы жетістігіміз бұданда жоғары, мол болады деген ойдамын ,– деді өз сөзінде Марлен Қапашұлы. Артынша Атланта Олимпиадасының жүлдегері Мәулен Мамыров, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл сөйлеп, спортшыларға және олардың бапкерлеріне сәттілік тілеп, биылғы жетістік келер жылы еселенсін деген тілек білдірді.

Артынша облыс әкімі тағайындаған 1 миллион теңге қаржылай сыйлық пен арнайы дипломды Ильфат Абдуллин, Дәулеткелді Жаңбырбай, Александр Еременко (садақ ату), Камилла Берліқаш (дзюдо), Исхар Құрбаев (грек-рим күресі), Евгений Федоров (велоспорт), Раушан Қойшыбаева (пауэрлифтинг) Рахметжан Хамаев (пауэрлифтинг) алды. Бокстан жақында ғана Азия мен Әлем чемпионы болған Аяжан Сыдық, велоспорттан Азия чемпионатының күмісін алған Евгения Заам, жеңіл атлетикадан Азия чемпионатының қола жүлдегері Ақбаян Нұрмәмет, грек-рим күресінен Азия чемпионатының күміс жүлдегері Диас Қален де арнайы марапатқа ие болып, құрмет көрсетілді.   

– Елімізде спортқа деген қолдау ерекше. Париж Олимпиадасында жақсы нәтиже көрсетіп, ел мерейін өсіреміз деп ойлаймын, - дейді Ильфат Абдуллин. Жиналған спортшы, жаттықтырушылар бір-біріне жылы сөз айтып, жақсы нәтиже көрсетуіне тілектес екендіктерін білдіртті.

Қали АСҚАР 
Суретті түсірген Жеңіс Ысқабай