Гүлнар Тойлыбаева жаңа қызметке тағайындалды

Уақыты: 14.12.2023
Оқылды: 680

Жетісу облыстық мәслихатының төрағасы Гүлнар Тойлыбаева мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған бочча спорт федерациясының Президенті болып тағайындалды. 

Шараға Жетісу облысы әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев, Жетісу облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ұлан Рысқұл және бочча ойынының жаттықтырушысы мен спортшылар қатысты. Жиынға келгендер бірауыздан Гүлнар Қожағұлқызын басшылық қызметке лайық деп танып, қолдау білдірді. 

«Бүгінгі арнайы іс-шара ұйымдастырып, Жетісу облысының жеке дара бочча федерациясын басқаруды, ары қарай дамытып, өсіп, өркендеуін маған сеніп, тапсырып жатқандықтарыңызға рақмет айтамын. Және де жылдар бойы жинаған тәжірибемді негізге ала отырып, алдағы уақытта біріге бочча спорт түрінің жаңа деңгейге көтерілуіне бар күшімді саламын», - деді ол өз сөзінде. 

Еске сала кетейік, бочча — тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арналған спорт түрі. Ол баланың қабілетін арттырып, өмірге деген құлшынысын арттырады.

Алуа Оспанжан