Жетісу спортшылары биыл 1760 медаль жеңіп алды

Уақыты: 28.12.2023
Оқылды: 720

Жыл қорытындысы бойынша Жетісу облысының спортшылары барлық деңгейдегі жарыстарда 1760 жүлделі орынды жеңіп алған. Оның 602 алтын,  605  күміс және 553 қола медаль бар, деп хабарлайды Kazinform. 

Жетісу облысында дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің жұмысы жанданды. Қазір өңірдің 5 ауданында арнайы орталықтар жұмыс істейді. Бұл қатарда Панфилов ауданының Жаркент қаласындағы, Алакөл ауданының Үшарал қаласындағы, Көксу ауданының Балпық би ауылындағы, Ескелді ауданының Қарабұлақ ауылы және Ақсу ауданының Жансүгіров ауылындағы кәсіби спорт кешендері бар.

«Облыста жыл басынан бері 5 халықаралық, 32 республикалық, 129 облыстық, 120 аудандық (қалалық) турнир, ауылдық жерлерде 384 іс-шара өткізілді. Биыл 17 халықаралық дәрежедегі спорт шебері, 103 спорт шебері, 726 спорт шеберіне кандидат және 287 бірінші спорттық разрядты спортшы дайындалды», - дейді облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының Олимпиадалық спорт түрлері, спорт резерві және мемлекеттік қызметтер бөлімінің басшысы Саят Сарқытов.

Бүгінде облыста 25 спорт мектебі, оның ішінде 8 олимпиадалық резерв мекемесі бар. Мұнда 49 спорт түрі бойынша 22 мыңнан астам спортшы жаттығады. Оның ішінде 28 олимпиадалық және 21 олимпиадалық емес спорт түрлерімен айналысады. Сондай-ақ аккредиттелген 50 спорт федерациясы мен 5 спорт клубы жұмыс істеп тұр.

Фото: gov.kz