Бір жылда 1760 медаль

Уақыты: 01.01.2024
Оқылды: 939

Көзді ашып-жұмғанша бір жыл да өте шықты. Өткен жылға өкпе жоқ, келер жылдан күтеріміз мол. Әсіресе спорт саласында толайым табысқа қол жеткізсек деген үміт басым. Өйткені алдағы 2024 жылы төрт жылдықтың басты додасы Париж Олимпиадасы күтіп тұр. Міне, осы бәсекеге қатысамын деп алақан ысқылап отырған әлемнің спортшылары мен еліміздің саңлақтары күн-түн демей дайындық үстінде. Әрине, бұл алдағы жылдың жоспары. Келер жылдың басты жаңалығы етіп бұл тақырыпқа кеңінен тоқталармыз. Ал әзірше өткен жылды саралап өтейік.

Сонымен Жетісу облысы өз алдына жеке шаңырақ көтергенде спорт саласында жүрген мамандардың көңіл-күйі елең-алаң болғаны рас. Үздіктерімізден көз жазып, спортқа бөлінетін қаржы  азайып, инфраструктура бой көтермей қалады деген қорқыныш басым болды. Бұл ойымыздың бекер екенін бүгінгі мақалада нақтылай түсейік.

Ең алдымен, облыста спортты дамытуға жасалып жатқан жұмыстарға кезек берейік. 2023 жылға облыстық бюджеттен 14 спорттық нысанның құрылысына 8,1 млрд. теңге қаражат бөлінді. Қазіргі уақытта, 3 дене шынықтыру-сауықтыру кешені бойынша (Алакөл ауданының Достық және Лепсі ауылдарында және Текелі қаласында) және Кербұлақ ауданы Шанханай ауылында күрес залы,  Панфилов ауданы Үшарал  және Сарқан ауданы Алмалы ауылдарындағы спорт кешендердің құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, Талдықорған қаласында волейбол спорт түріне арналған оқу-жаттығу спорттық кешені және Қаратал ауданы Кәлпе және Көпбірлік ауылдарында блокты-модульді спорттық кешендердің құрылысы жүріп жатыр. Бірінші жартыжылдықта Кербұлақ ауданы Басши ауылындағы күрес залы және Сарыөзек ауылында орталық стадион және Алакөл ауданы Бескөл ауылында 80 орынды спорттық кешені қолданысқа берілді.

Талдықорған қаласындағы орталық стадионның қайта жаңғырту жұмысының құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде.  Қайта жаңғырту (реконструкция) құрылыс  жұмыстарына облыс бюджетінен  1 млрд. 57 млн теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары ақпан айында аяқталады. Сондай-ақ, жеке инвесторлар есебінен Талдықорған қаласында спортшыларға арналған 40 орынды жатақхана, волейбол спорт түріне арналған жаттығу залы, үстел теннис орталығы салынуда. Міне, осының барлығы облыста спортты дамытуға істеліп жатқан қамқорлық.

Енді спорттағы жетістікті саралап өтейік. Барлық деңгейдегі жарыстан жетісулық спортшылар 1760  медаль (602 алтын, 605 күміс, 553 қола) жеңіп алды. Төрт жылда бір болатын Азия ойындарында 9 спорттың түрінен 39 спортшы қатысып, велошабандоз Евгений Федоров алтын медальді жеңіп алды. Жасөспірімдер арасында әлем чемпионатында грек-рим күресінен Исхар Құрбаев алтын тұғырдан қол бұлғады. Араға аз уақыт салып 23 жасқа дейінгі жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдесін олжалады. Сонымен қатар, садақшыларымыз Париж Олимпиадасының командалық есепте жолдаманы  ұтып алды. Алдағы уақытта спорттың 7 түрінен  19 спортшыны үкілеп отырмыз. Сәтін салса алдағы жылы бұл саңлақтарымыз лицензиялық жарыстарға қатысады.

Әрине, кемшілік те жоқ емес. Футболшыларымыз ел чемпионатында әупірімдеп жүріп Премьер-лига сапында қалды. Жаңа маусымға жаңа бапкер ауыстырып, бүгінде команда жасақтау үстінде. Волейболдан қыздарымыз да ала-құла ойын көрсетіп, чемпиондыққа қолы жетпей жатыр. Боксшыларымыз да сәтті өнер көрсетпей ұлттық құрамаға енбей қалып жатқаны жанкүйерлердің жанын ауыртып жүргені анық. 

Түйіндей келгенде жеңіс пен жеңілістің қатар жүретінін ескерсек, Жетісу облысының спортшылары жылды жаман аяқтаған жоқ. Қысқа ғана мақаламызда аз-кем мәлімет келтірдік. Әрине, жасөспірімдер, жастар арасындағы табысымызды тізбектесек ауыз толтырып айтуға болады. Біздің негізгі міндет келер жылғы Олимпиада ойындары. Үміт артқан саңлақтарымыз жолдаманы қолға түсірсе, үлкен дудың да ауылы алыс емес. Дайындық бүгіннен басталып кетті. Олай болса мықтыларымызға сәттілік тілейік!

Ришад ТҰРҒАНБАЙ