«Дарабоз» дарындылар кешені

Уақыты: 31.12.2023
Оқылды: 951

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ халыққа арналған Жолдауында «Ұлт денсаулығын бекемдеу мәселесі өте өзекті. Барлық жас санаттары арасында бұқаралық спорт түрлерін насихаттап, балалар үшін спорттық инфрақұрылымның барынша қолжетімді болуын қамтамасыз ету керек», – деген   болатын.

Президент бастамасын жазиралы Жаркент өңірінің тұрғындары белсенділікпен жүзеге асырып отыр. Өңірде қазір 2 кешенді спорт мектебі жұмыс істейді. Бұдан басқа ауылдарда кәсіпкерлердің қолдауымен 3 спорт кешені салынып, ел игілігіне ұсынылды. Жаңа жыл қарсаңында Жаркент қаласында «Дарабоз» атты тағы бір спорт кешені халыққа есігін айқара ашты.

Кәсіпкер Ділмұрат Османов тозығы жетіп, пайдалануға мүлде жарамсыз күйге түскен қалалық Мәдениет үйінің орнына жаңа спорт кешенін тұрғызып, бір мезетте 120 спортшы шұғылдана алатын сәулетті Спорт сарайына айналдырды. Жаңа салынған кешенде 20 адамды жұмыс орнымен қамтып отыр. Жастар мұнда 10 спорт түрімен шұғылдана алады.

«Дарабоз» спорт кешенінің ашылу салтанатына аудан әкімі Марат Сағымбек қатысып, қуаншқа жиналған қала тұрғындарын құттықтады. Әкім сөзінде халыққа қызмет жасайтын осындай әлеуметтік мекемелер мен кәсіпорындар салам деген азаматтар болса жер беріп, құжаттарын рәсімдеуге қолдау көрсететінін айтып өтті. Алдағы жылы өңірдің Үшарал және Көктал ауылдарында осындай спорт кешендері салынып, аудан халқының спортпен, денешынықтырумен шұғылдануына қолайлы жағдайлар ауқымы кеңи бермек.

Аудан әкімі салтанатты сәтте «Дарабоз» спорт кешенін салған кәсіпкер Ділмұрат Османов пен оған рухани, материялдық көмек қолын созған еңбек ардагері Марат Имрамзиевке Алғыс хатын тапсырып, иықтарына қазақы дәстүрмен шапан жапты. Жаңа ғимараттың дәстүрлі ашылу рәсімі жасалып, шашу шашылып, аудан басшыларымен бірге қуанышқа жиналғандар спорт кешенін аралап көріп, қызықтады.

Мырзағали НҰРСЕЙІТ
Фото: https://www.instagram.com/p/C1XGLezCNmK/