Рио Олипиадасындағы қазақ күні

Уақыты: 21.08.2016
Оқылды: 1667

Қазақ үшін сәрсенбі ғана емес, бейсенбі де сәтті күн болып саналады бұдан кейін. Неге десеңіздер, Рио Олимпиадасында қазақтың ұлдары мен қыздары қоржынымызға алтын мен қола медаль салды. Ең бастысы, екеуі де тарихи медальдар болатын. Ең әуелі 69 келі салмақта біздің боксшылар командасының капитаны Данияр Елеусінов өзбек боксшысы Шахрам Диясовпен кездесті. Бұл кездесу кескілескен шайқас болды. Үш раундта да төрешілер қазақ боксшысының басым екенін анықтады. Оралдық ұлдың талай додада жерге қаратпаған боксшы, Әлем, Азия чемпионы деген атағы бар. Ендігі жетіспегені Олимпиада алтыны еді. Міне, сол армандаған күнге де жетіп, Алаштың байрағы көкте самғады. Дәл Даниярдың жеңісінен кейін залда отырған қазақ жанкүйерлерінің көзінен моншақтап аққан жасты көрдім. Сіздер де дәл сондай күйді кешкен боларсыздар. Бұл дегеніміз ұлтқа деген сүйіспеншілік, рухтың басымдығы. Жанұшырған жанкүйерлердің сезімін селге жібермей, одан ары аспанға асырған Даниярға қандай мақтау айтса да лайықты.

Әрине, өзбек боксшысын да осал деп айта алмаймыз. Өз ісінің шебері. Шар­шы алаңда жан алып, жан берісті. Да­нияр­дың маңдайына бір соққы жасай­мын деп талпынғанын да көрдік. Бірақ ол арманы іске аспады. Біздің жігіт сауатты өнер көрсетіп, асқан шебер­лік­пен нағыз қазақтың қайсарлығын паш ет­ті. Дәл осы жеңістен кейін әлемнің көп­теген бокс мамандары біздің жан­күйер­лер мен боксшыларды және ма­ман­дарды арнайы келіп құттықтады. Қа­зақ­тың қыран мінезді қайсар ұлына сүйсінді. Шын мықты екенін осы жігіт­тер­дің қолдауынан-ақ байқауға болады.

Кәсіпқой бокстың да майталмандары қасымызда отырған. Ол жігіттердің де бас бармақтарын шошайтқандарын көр­дік. Мұны бокс өнеріндегі Даниярға ғана емес, күллі Қазақ жұртына берілген баға деп есептеймін. Осындай шаттықты күн­ді бізге тудырған Даниярды барлы­ғы­мыз құшағымызға қысып, бетінен сүй­дік. Дәл сол сәтте тұрып, бірауыз сауал тас­тауға да мүмкіндік туды. Ентігін баса алмай тұрған жаңа чемпион бар ынта­сымен жауап та берді. Ендеше, бөркі­мізді ас­пан­ға атқан кездегі Даниярдың қуа­нышты сұхбатын назарларыңызға ұсы­найын.

– Айналайын, алтын ұл. Сен күллі Алаштың рухын аспан­дат­тың. Жеңісің құтты болсын! Әңгі­мені көңіл-күйіңнен басташы.

– Аға, шынымды айтсам, төбем көкке бір елі жетпей қалды. Мен осын­дай болып тұрғанда елдегі халықтың жайы айтпаса да түсінікті. Сондықтан көңіл деген шалқып тұр. Сіздердің, қазақ жұртының арқасы. Құттықтаулар мен қолдауларыңызға мың рахмет. Сенім­деріңізді ақтағаныма шын ризамын. Біз­дің жігіттер әлі талай Көк байрақты кө­тереді. Оны мен сеніммен айта ала­мын.

– Ал енді соңғы шайқасқа дейін жанымыз мұрнымыздың ұшында тұрды. Таңды атыра алмай, түнгі ұйқымыз бұзылып сені ойлаумен болдық. Сенің түнің қалай өтті?

– Мен, шынымды айтсам, ештеңе де ойламадым. Алаңсыз ұйықтадым, бар ауырлықты артқа тастап тынықтым. Фи­зикалық және психологиялық тұр­ғы­дан да демалыс алып, аттай жарап шық­тым.

– Жеке бапкерің өзіңнің әкең. Әкелі-балалы жұп Олимп шыңын ба­ғындырдыңдар. Әкенің көңілін тү­­сінем. Десе де, қандай ақыл айт­ты?

– Осының барлығы әкем мен коман­да­дағы жігіттердің және Мырзағали ағам­ның жемісі. Жарыстан бір күн бұрын әкем ештеңе деген жоқ. Толық тыны­ғуымды тапсырды. Ал ертесіне барлық ақы­лын төкті. Өзбек боксшысын сен ұта­сың деп алмас қылыштай қайрап жіберді. Намыс қайрайтын ақылы мені жеңіске жетеледі.

– Әкең мен анаңның қазіргі қуанышын түсінем. Бірінші болып кім құттықтады?

– Әрине, әкем. Бала күнгі және жыл­дар бойғы арманы мен маңдай тері ақтал­ды. Оған екеуміз бірге жеттік. Сондықтан әкеме үлкен алғысымды айтамын. Ауыл­дан Олимп шыңына дейін сан түрлі қиыншылықты басынан өткеріп, барлық тосқауылды бұзып өтті. Әр қарсыласты, кез келген жарысты бір тосқауыл десек, сол кедергілерден жемісті өте білдік. Ал анаммен телефон арқылы сөйлестік. Жеңі­сіме қатты қуанып, жанарындағы жа­сын да жасыра алмады. Мен де өз та­рапымнан рахметімді айтып, ұлының жеңісімен құттықтадым.

– Сен чемпион болғаннан кейін барлық БАҚ өкілдерінің жүректері қуаныштан жарылып кете жаз­дады. Әлеуметтік желі тіптен бөлек. Оқи алдың ба құттықтауларын?!

– Расында да жан-жақтан құттық­таулар түсіп жатыр. Барлығын жүрегімнің түбіне терең бойлатып, ыстық ықыласпен қа­былдап жатырмын. Рахметімді ай­та­мын!

– Рионы бағындырдың. Токио­ның жайын ойлайсың ба?

– Аға, шынымды айтсам, оны әлі жоспарлап та, ойға алып та үлгерген жоқ­пын. Алдағы уақыт шешеді. Қазіргі менің мақсатым – алған алтынымды еліме жет­кі­зіп, күтіп отырған Қазақ жұртымен қауыш­­тыру. Сағынышы мен толқынысын басу. Содан кейінгісін көре жатармыз.

Ыстығы басылмаған су жаңа чем­пион­ның жауабына разы болып, тағы да маң­дайынан иіскеп, арқасынан қақтым. Осылайша алтын арқалаған Қазақ жан­күйерлері Олимпиада қалашығына «Ал­тын күн аспанын» шырқап, шат көңілмен келіп жетті.

Несіп Жүнісбайұлы, белгілі спорт журналисі, Алматы облысының Құрметті азаматы, арнайы «Жетісу» газеті үшін Рио Олимпиадасынан.