ҚОЛА ЖҮЛДЕГЕРГЕ ҚОШЕМЕТ

Уақыты: 25.08.2016
Оқылды: 1747

Ежелден Қазақ елі батырына зор қошемет біл­дір­ген. Баһадүрге төрден орын беріп, астына ат, иы­ғына шапан жапқан текті елдің ұрпағы екенімізді мақ­тан тұ­тамыз. Олай болса ата дәстүр бүгін де жал­­ғасын тап­­ты. Алматы облысы айтулы мереке – Спорт күніне орай­ластырып, күні кеше алауын сөн­дірген Рио Олим­пиадасында бақ сынап, қола ме­дальмен елге оралған Карина Гори­че­­ваға да осындай қошемет көрсетті. «Өз елі өз ер­­лерін ескермесе, ел тегі қайдан алсын кемең­гер­ді», – деп жырлаған Ілияс ақынның жер­лестері Олимпиадаға қатысқан ұл-қыздары мен спортта өл­шеусіз еңбек еткен бапкерлер мен спорт ар­дагерлерін бір қуантып тастады. Талдықорған қа­ла­сын­дағы Оқу­шы­лар сарайында қола жүлдегерді кө­ре­мін деген жұрт­та есеп болмады. Сарай ішін лық тол­тырды. Қол­дарына жалынды сөздерін жа­зып, батыр қы­зын қол­дау­ға келген жанкүйер­лер­дің құрметі әр адамның жү­регін тебірентері анық.

Сонымен жүлдегерлер мен спорт ардагерлерін облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов қа­был­дады. Қадірменді қонақтардың ара­сында облыстық мәслихат хатшысы Серік Мұқанов, Мәскеу Олимпиа­да­сының чемпионы Жақсылық Үшкем­піров және облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Тұратбек Шарапиев болды. Салтанатты шараның шымылдығын облыс әкімінің бірінші орынбасары Лаззат Тұрлашов ашты. Лаззат Махатұлы спортшыларды Спорт күнімен құттықтай келе, Рио Олимпиадасында қола жүлдеге қол жет­кізген Карина Горичеваға үлкен сәт­тілік тіледі. Ол өз сөзінде мұндай та­бысқа қол жеткізуіміз Елбасы Нұр­сұл­тан Назарбаевтың спортқа ерекше көңіл бөлуінің арқасы екенін баса айтып кетті. Сонымен қатар, бүгінгі таңда облыста спорттық базалардың көптеп бой көтеруінің арқасы және жас чем­пиондарды тәрбиелеуде көптеген игі­лікті істің атқарылып жатқанына да тоқталды. Сөз соңында барлық спорт­шыларды Спорт күнімен құттықтап, Карина Горичеваға, бесінші орынға ие болған Маргарита Елисееваға, боксшы Жәнібек Әлімханұлына және садақ атушы Сұлтан Дүзелбаевқа облыс әкі­мінің атынан үлкен алғысын білдірді. Спорт – рух пен патриотизмнің негізгі факторы. Олимпиадада өнер көрсеткен барша қазақстандық спортшыларға қолдау көрсету арқылы рухты көтеріп, елге деген сүйіспеншілік пен ұлт­жан­дылықты нығайтып, жас ұрпақты тәр­биелейтінімізді де тілге тиек етті. Мұнан кейін жүлдегерлерді марапаттау рәсіміне кірісті. Ел сенімін ақтаған Карина Гори­чеваға Олимпиадада қола жүлде жеңіп алғаны үшін 10 млн. теңгенің сер­ти­фи­катын табыс етсе, жаттық­тыру­шысы Сер­гей Седовқа 5 млн. теңгенің серти­фи­катын берді. Бесінші орыннан көрін­ген Маргарита Елисеева 3 млн. теңгемен марапатталса, бапкері Николай Пакқа 1,5 млн. теңгенің сертификаты табыс­тал­ды. Бұдан бөлек бірнеше спорт ар­да­гер­лері мен спорт бөлімдеріне, спорт мек­теп­теріне облыс әкімінің Алғыс хаты мен Құр­мет грамотасы берілді. Облыстық олим­пиадалық резервтер дайындау орта­лы­ғы­ның түлегі Карина Горичева сөз алып, барлық жанкүйерлерге алғысын білдірді. – Рио төрінде өнер көрсеткен кезде мен сіздердің қолдауларыңызды ерекше сезіндім, – деп бастады. – Менің жеңіске жетуім елдің арқасы. Алаңсыз жаттығу жасауыма барлық жағдай жаса­ған Елба­сы мен облыс әкіміне шексіз ризамын, – деді. Мұнан кейін «Алғашқы бәсекемде қоланы еншілесем, келесі Олимпиа­дам­да алтынға қол жеткіземін», деп сөз беріп, жанкүйерлерін қуантып тастады. Сол үшін бүгіннен бастап тер төгуге дайын екенін айтып тағы бір қол соқ­тыр­­ды. Иә, алдына мақсат қойған жүл­дегерге біз де тілектес болдық. Сал­та­­­нат­ты шараның соңында тұңғыш Олим­­­­пиада чемпионы Жақсылық Үш­кем­піров сөз алып, спорт­шылар мен спорт арда­герлерін айтулы мерекесімен құттық­та­ды. – Жеңіске қол жеткізу оңай емес. Бүгінгі қыздарымызға рақмет ай­туы­мыз керек. Елдің намысын көтерді. Сенімді ақтады. Бұл жеңіс – елдің бір­лі­гінің арқасы. Мысалы, Кеңес ода­ғы кезінде Олимпиадаға әрең дегенде қатысып, алтынға қол жеткіздім. Ол кезде Олим­пиада емес, одақтас мемле­кеттердің ара­сы­нан өту қиын болатын. Егер сол кез әлі болғанда мына біздің чемпион­да­рымыз бен жүлдегер­ле­рі­міздің біреуі ғана байрақты бәсекеге қатысу мүм­кіндігін алар еді. Құдайға тәубе, тәуел­сіз­діктің арқасында өзі­міз­дің жеке құ­рамды қатыстырып, үлкен жетістікке қол жеткізіп, 206 мем­ле­кет­тің арасында 22-орынға табан тіреп отыр­мыз. Бұл – жа­ман көрсеткіш емес, Тәуелсіздіктің ар­қасында мемлекеті­мізді тағы бір рет әлемге әйгілеп отыр. Барлығына алғы­сым шексіз, – деп түйіндеді. Бұдан кейін салтанатты ша­раға қатысқан бар­лық қадірменді қо­нақтар естелік су­рет­ке түсіп, қуа­ныш­пен тарқасса, жүл­де­герлеріміз облыс­тық өңірлік ком­му­никациялар қызме­тінің бри­фингіне қатысты. Арнайы ұйымдастырылған мәслихатта өңірдегі бақ өкілдері өзде­рін толғандырып жүр­ген сауалдарына жауап алды. Бірінші болып облыстық дене шынықтыру және спорт бас­қар­масының бөлім бас­шысы Саят Сар­қы­тов баяндама жасап, Олимпиадада өнер көрсеткен жетісу­лық спорт­шы­лардың нәтижесіне кеңі­нен тоқталды. Одан кейін қойылған сұрақтарға Ка­рина Го­ричева мен Мар­гарита Ели­сеева тұ­шым­ды жауап қай­тарып, бақ арқылы жан­күйерлерге алғысын білдірді.

Ришад ТҰРҒАНБАЕВ